ТҮРКСІБТІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ: ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ, БОЛАШАҚҚА БАҒДАР

27 Views

Луговойда ғасырлық тарихы бар теміржол вокзалы жаңарып, ел игілігіне қайта берілді.

Кейбір мекендердің тарихы тасқа қашалса,
енді бірінің тарихы адам жадында, жүрегінде
сақталады. Ал кейбір нысандардың тағдыры
тұтас бір елдің тарихымен астасып жатады.
Луговойдағы «Түрксіб» теміржол вокзалы – дәл сондай нысандардың бірі.

Осыдан сегіз жыл бұрын «Құлан таңы»
газетіне қызметке орналасқанымда, сол кездегі
редакторымыз, білікті журналист Тұрсынхан
Жаманбаев маған алғашқы тапсырмалардың
бірін берген еді. Ол – дәл осы Түрксіб туралы
мақала жазу болатын. Сол кезде қолыма қалам
алып, тарихы ғасырларға ұласқан теміржолдың
шежіресін зерттеп, газет бетіне алғашқы
материалымды жариялаған едім. Журналистік
жолымның алғашқы қадамдарының Түрксіб
тарихымен сабақтасуы мен үшін бүгінде ерекше
мәнге ие.
Арада сегіз жыл өтті. Бүгін сол қалам алғаш
із салған тақырыпқа қайта оралып отырмын.
Бірақ бұл жолғы Түрксіб мүлде басқа кейіпте.
Өйткені Түрксібтің төрінде бүгін тағы бір маңызды
оқиға орын алды. Тұрар Рысқұлов ауданындағы
Луговой ауылында қайта жаңғыртылған «Түрксіб»
теміржол вокзалы салтанатты түрде ашылып,
жолаушылар игілігіне берілді.

Бұл – жай ғана ғимараттың жаңаруы емес. Бұл
– өткен мен бүгінді жалғаған, тарихи сабақтастық
пен заманауи дамуды тоғыстырған тағылымды
жоба. Өйткені Луговойдың тарихы Түрксібтің
тарихымен біте қайнасқан. Дәл осы жерде 1927
жылы Түркістан – Сібір теміржол магистралінің
алғашқы рельстері төселіп, әйгілі «ғасыр
құрылысының» ресми басталғаны жарияланған
еді. Сол тарихи сәтке мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов та қатысқан. Тіпті, тарихқа терең үңілсек, жаңа қойылған рельс үстімен алғаш рет №6394
пойызы жүргізілген деген дерек бар. Теміржол Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев сынды  білікті басшылардың бастамасымен Луговой және Семей станцияларынан басталып, Айнабұлақ бекетінде түйісті. Содан бері арада бір ғасырға
жуық уақыт өтті. Дәлірек айтсақ, келер жылы Түрксіб құрылысының басталғанына 100 жыл
толады.

Түрксіб – теміржол тарихындағы
ірі инженерлік жетістіктердің бірі ғана
емес, қазақ даласының экономикалық
және әлеуметтік дамуына айрықша
ықпал еткен тарихи магистраль. Кезінде
ол Қазақстанды Сібірмен және Орталық
Азиямен байланыстырып, елдің өндірісі
мен саудасының дамуына жол ашқан
маңызды бастама. Осы тың, баянды
бастаманың арқасында жаңа елді
мекендер бой көтеріп, мыңдаған адам
еңбекке тартылды. Теміржол бойындағы
өңірлердің тынысы жанданып, тұтас
аймақтардың экономикалық әлеуеті
артты. Сондықтан Түрксіб атауының
астарында теміржолдан да әлдеқайда
кең ұғым жатыр. Ол – елдің дамуының,
халықтың қажыр-қайратының, бірлік
пен жасампаз еңбектің айқын символы.
Бүгінде сол тарихи магистраль
өз маңызын әлі де жоғалтқан
жоқ. Керісінше, заман талабына
сай жаңғырып, еліміздің көлік-логистикалық жүйесіндегі рөлін
одан әрі күшейтіп келеді. «Түрксіб»
станциясы арқылы қазіргі таңда
қалааралық және халықаралық бағыттар
бойынша 20-дан астам жолаушылар
пойызы қатынайды. Олар Алматы,
Астана, Тараз, Шымкент, Түркістан,
Қызылорда, Семей, Павлодар,
Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе, Атырау
және Маңғыстау бағыттарын қамтиды.
Сонымен бірге Түрксіб тек ел ішін
ғана емес, мемлекеттер арасындағы
жолға да қатысы бар магистраль. Атап
айтар болсақ, Алматы-Саратов, Бішкек-Мәскеу, Шу-Бішкек халықаралық
бағыттарындағы пойыздар да дәл осы
станция арқылы өтеді. Демек, жаңарған
вокзалдың маңызы бір ауылдың
немесе бір ауданның шеңберімен
шектелмейді. Ол – өңірдің көлік
байланысын жақсартатын, транзиттік
мүмкіндігін арттыратын маңызды
инфрақұрылымдық нысан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі
теміржол вокзалдарын кезең-кезеңімен
жаңғыртып, жолаушыларға қолайлы әрі
қауіпсіз орта қалыптастыру міндетін
қойған болатын. Осы бағыттағы жүйелі
жұмыстар Жамбыл облысында да
жалғасуда. Өңірде Тараз, Шу, Түрксіб,
Отар және Боранды станцияларындағы
бес теміржол вокзалын жаңғырту қолға
алынған. Бұл жобалардың жалпы құны
14,1 миллиард теңгені құрайды. Сол
ауқымды жұмыстардың бірі – «Түрксіб»
вокзалының жаңаруы.
Былтыр басталған ірі жоба міне өз
мәресіне жетіп, заманауи талаптарға
сай келетін бекет бой көтеріп, аумағы
абаттандырылып, кеше ел игілігіне
берілді. Ашылу салтанатында бір
байқағанымыз – Луговой ауылы
тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Өйткені жаңа бекет сәулеттік
жағынан ғана емес, қауіпсіздік,
жайлылық, қызмет көрсету сапасы
секілді маңызды талаптарға толықтай
сәйкес келеді. Жалпы алғанда вокзал
– кез келген елді мекеннің алғашқы
әсерін қалыптастыратын нысандардың
бірі. Пойыздан түскен жолаушы үшін
ол – сол өңірмен танысудың алғашқы
қадамы. Осы тұрғыдан алғанда,
жаңарған «Түрксіб» вокзалы Тұрар
Рысқұлов ауданының бүгінгі келбетін
айшықтайтын маңызды нысан болмақ.
Адалын айту керек, вокзалдың ашылу
салтанатына жергілікті тұрғындар

көптеп жиналды. Сала ардагерлері мен
мамандары, құрылысшылар, құрметті
меймандар жаңа вокзалдың сәулеттік
және инфрақұрылымдық келбетіне
жоғары баға берді. Ал облыс әкімі
Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев
Түрксіб теміржол вокзалы туралы терең
сөз қозғап, оның тарихына ерекше
тоқталды.
– Теміржол вокзалы – өңірдің бет-бейнесін айқындайтын маңызды нысан.
Жаңа вокзал ғасырлық тарихы бар
Түрксібтің дәстүрін жалғастырып,
Тұрар Рысқұлов ауданының заманауи

келбетін танытатын нысанға айналады
деп сенемін. Осы игілікті жобаның жүзеге
асуына үлес қосқан құрылысшыларға,
теміржолшыларға, сала ардагерлеріне
және барша азаматтарға шынайы
алғысым шексіз! Ардақты ағайын!
Жаңғыртылған «Түрксіб» теміржол
вокзалының ашылуы құтты болсын!
Жолаушыларымыздың жолы ашық,
сапары сәтті болсын! – деді аймақ
басшысы өз сөзінде. Құттықтау сөзінен
кейін бірқатар азаматтарды Алғыс
хатпен марапаттады.
Расыменде, бір ғасыр бұрын дәл
осы өңірде басталған алып құрылыс

Қазақстанның тағдырында өшпес із
қалдырды. Түрксібтің рельстері тек
кеңістіктерді ғана жалғаған жоқ. Ол
адамдарды, қалаларды, өңірлерді,
экономикалық байланыстарды бір
арнаға тоғыстырды. Ал бүгін қайта
жаңғыртылып, қолданысқа берілген
бекетті өз басым өткенге көрсетілген
құрмет әрі болашаққа жасалған нық
қадам деп есептеймін. Ауданымыз
дамып, сәулетті де, дәулетті мекенге
айналсын.

Жәнібек Базылбек. 

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий