Мықты мұғалім әрқашан мектептің тірегі
16 ViewsБарлық балада талап бар. Яғни, оқушының бәрі бірдей. «Жаман оқитын, я оқымайтын» деп бөлуге болмайды біздіңше. Оқушы оқымаса, жауапты оқыта алмайтын мұғалім өзінен іздеуі…
Ұстаздың ұлылығы – өзі үйреткен ш ә к і р т т е р і н і ң с а н ы м ен
ғана емес, өзінен кейінгі ұстаздарға
қалдырған ізімен өлшенеді. Бір шәкіртке
білім берген ұстаз – бір жүрекке жол
табады. Ал жүздеген мұғалімге бағытбағдар берген ұстаз – тұтас бір буынның
кәсіби болмысына ықпал етеді. Осындай
абыройлы жолдан өткен, ауданның білім
беру жүйесінде өзіндік қолтаңбасын
қалдырған ардагер ұстаз, білікті әдіскер
– Күмісқан Нұрғасқақызы.
Кей адамдардың еңбек жолы жылдармен өлшенсе, кей
адамдардың ғұмыры елге, ортаға,
кейінгі ұрпаққа қалдырған ізімен
бағаланады. Күмісқан әпкейдің қырық
бір жылдық еңбек жолы – дәл сондай
тағылымды ғұмырдың көрінісі.
1947 жылдың 25 шілдесінде Алматы
облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш
ауылында дүниеге келген Күмісқан
әпкей жастайынан білім мен ізденісті
өмірінің өзегіне айналдырды. 1970
жылы Қазақ педагогикалық институтын
тәмамдап, жоғары білім алған жас
маман білім беру саласына жолдама
алып, өзінің бар ғұмырын ұрпақ
тәрбиесіне арнады.
Қырық бір жылдық еңбек жолының
отыз сегіз жылын Т.Рысқұлов ауданының білім бөліміндегі әдістемелік
қызметке арнауының өзі оның мамандығына деген адалдығын аңғартады.
Бір мекемеде осынша жыл еңбек
ету – жай ғана еңбек өтілі емес. Бұл
– тұрақтылықтың, төзімнің, кәсіби
жауапкершіліктің және туған жердің
білім саласына деген шынайы жанашырлықтың белгісі.
Күмісқан әпкейдің әдіскерлік
жолы – аудан мектептерінің тыныстіршілігімен біте қайнасты. Ол
оқу үдерісін әдістемелік тұрғыдан
қамтамасыз ету, педагогтердің кәсіби
шеберлігін арттыру, тәжірибе алмасуды
ұйымдастыру, жас мамандарға қолдау
көрсету секілді сан салалы жұмыстың
бел ортасында жүрді. Бірақ оның кәсіби
келбетін тек қызметтік міндеттермен
шектеу мүмкін емес. Өйткені Күмісқан
әпкей үшін әдістемелік қызмет – тек
жоспар құрып, есеп дайындайтын
жұмыс емес, мұғалімге демеу болатын,
оның кәсіби мүмкіндігін ашатын,
ізденісіне қанат бітіретін үлкен мектеп
еді.
Ол мұғалімнің бойындағы жақ сы қасиетті көре білетін. Жас —
маманның білмегенін бетіне баспай,
білетініне сүйеніп, білмегенін үйретуге
тырысатын. Тәжірибелі ұстаздың еңбегін бағалайтын. Қандай да бір мәселе
туындаса, алдымен шешім іздейтін.
Оның осы сабырлы қалпы, байыпты
сөзі мен орынды кеңесі талай мұғалімге
сенім бергені анық.
Әпкейдің кәсіби болмысындағы ең үлкен ерекшеліктің бірі –
тәлімгерлік табиғаты. Ол өзінен кейінгі
буынға білгенін үйретуден ешқашан
жалыққан емес. Жылдар бойы жинаған
тәжірибесін өзімен бірге алып кетпей,
кейінгі әріптестеріне табыстады.
Әдістемелік кеңесте айтқан бір ауыз
сөзі, семинарда берген бір ұсынысы,
жас маманға айтқан бір кеңесі талай
адамның кәсіби жолына бағыт болғаны анық. Сондықтан Күмісқан әпкейді аудан ұстаздары арасында «ұстаздардың ұстазы» деп айтуға әбден лайық.
Бұл атақ – ресми лауазым емес. Бұл –
халықтың, әріптестің, шәкірттің жүрегінен шығатын баға.
Адамның кәсіби шеберлігі оның білімінен көрінсе, адамдық болмысы айналасындағыларға қарымқатынасынан танылады. Күмісқан
әпкейдің тағы бір биік қыры – оның
қарапайымдылығы. Қызметте талапшыл
болғанымен, адаммен қарым-қатынаста
жұмсақтық пен ізгілікті алдыңғы орынға қойды. Үлкенді сыйлады, кішіні қолдады. Әріптесінің қуанышын бөлісіп,
қиындығына алаңдай білді. Өзінің
беделін биіктетуге ұмтылмай, еңбегімен
құрметке ие болды. Мүмкін, оның ғұмырындағы ең үлкен құндылық та осында
шығар.
Нағыз ұстаз өзінен кейін өзінің
есімін емес, өзінен алған жақсы қасиетті
қалдырады. Әпкейдің еңбек жолында
мұндай мысалдар аз емес. Оның
алдынан өткен жас мамандардың талайы
бүгінде тәжірибелі педагогке айналды.
Бірі мектеп басқарды, бірі шәкірт
тәрбиеледі, бірі әдістемелік бағытта
еңбек етті. Ал олардың әрқайсысының
кәсіби қалыптасуында Күмісқан
әпкейдің ақылы мен өнегесінің өзіндік
орны бар.
Ұзақ жылғы нәтижелі еңбегі лайықты бағасын да алды. 1993
жылы Қазақстан Республикасының
«Білім беру үздігі» төсбелгісімен
марапатталуы – оның білім саласындағы
еңбегінің ерте кезден-ақ жоғары бағаланғанын көрсетеді. Бұл – бір күннің
немесе бір жылдың еңбегіне берілген
баға емес. Бұл – қырық бір жылдық
адал еңбектің, отыз сегіз жылдық
әдістемелік қызметтің, талай педагогке
берген бағыт-бағдардың, талай буынға
көрсеткен өнегенің бағасы.
Ұстаздар күні қарсаңында Күмісқан
әпкейдің өнегелі жолына көз салғанда,
ұстаздықтың шынайы мәнін түсінгендей
боламыз. Ұстаздық – шәкіртке сабақ
беру ғана емес. Ұстаздық – адамның
жүрегіне ізгілік ұялату. Ал ұстаздардың
ұстазы болу – сол ізгілікті өзінен кейінгі
ұстаздардың бойына сіңіру. Күмісқан
Нұрғасқақызының ұстаздық ғұмыры
– осының айқын дәлелі. Ол білім
саласында ұзақ жыл еңбек етті. Бірақ
ең бастысы – еңбектің қадірін білді,
ұстаздың абыройын биік ұстады, кәсіби
жауапкершілікті адамдық қасиеттермен
ұштастыра білді.
Жылдар өтер. Білім беру жүйесі өзгерер. Жаңа технологиялар,
жаңа әдістер, жаңа талаптар келер. Бірақ
ұстаздықтың өзегі – адамға білім беру,
жүрегіне жол табу, жақсы қасиетке
тәрбиелеу – ешқашан өзгермейді. Сол
өзгермейтін құндылықтарды өзінің
бүкіл ғұмырымен дәріптеген ұстаздың
есімі де ауданның білім тарихында
ерекше орын алады.
Күмісқан Нұрғасқақызының өнегелі
ғұмыры кейінгі буынға аманат болып
қала бермек. Өйткені шын ұстаздың
ғұмыры зейнетке шықпайды. Оның
еңбегі шәкірттерінің жүрегінде,
шәкірттерінің шәкірттерінде жалғаса
береді.
Гүлмираш ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
аудандық білім
бөлімінің әдістемелік
кабинет
меңгерушісі.