Қазақстандық AgriTech компаниясы малды спутник арқылы бақылау технологиясын халықаралық нарыққа шығаруда

22 Views

«iGps Tech» ЖШС ұялы байланыс желісі тартылмаған аймақтарда да жұмыс істейтін спутник арқылы бақылау жүйесін әзірледі. Отандық технология малдың орналасқан жері мен қозғалыс бағытын қадағалайды, виртуалды географиялық аймақтар белгілеп, мал ұрлануы мен жоғалу қаупін азайтуға, сондай-ақ жануарлардың автожолдарға және егістік алқаптарға шығып кетуіне жол бермеуге ықпал етеді.

Бүгінде компанияның қызметін 3 800-ден астам клиент пайдаланады. Ал спутниктік бақылау жүйесіне 130 мыңнан астам жылқы қосылған. Сонымен қатар бұл шешім ірі қара мал мен өзге де жануарларды бақылау үшін қолданылады.

8 жыл сегіз ішінде компания шетелдік құралдарды пайдаланудан бас тартып, жайылымдық мал шаруашылығының ерекшеліктеріне бейімделген GPS-құрылғылар мен бағдарламалық өнімді өз күшімен әзірлеуге көшті.

Биыл компания спутниктік трекер мен биосенсорларды біріктіретін жаңартылған шешімін таныстырды. Жүйе бір мезгілде он жануарға дейін бақылап, олардың дене температурасын және қозғалыс белсенділігін тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл малдың жай-күйін бақылауды едәуір кеңейтеді.

Компания халықаралық ынтымақтастықты да белсенді дамытып келеді. Отандық өнімге Орталық Азия елдері де қызығушылық танытуда. Болашағы зор нарықтардың қатарында Аргентина мен Австралия бар.

«Біз Қазақстаннан тыс жерлерде де сұранысқа ие болатын өнім әзірлеп жатырмыз. Елімізде жасалған бұл технология әлемдік мал шаруашылығын цифрландырудың маңызды құралдарының біріне айналса дейміз», – деді «iGps Tech» сеоіктестігінің негізін қалаушы әрі бас директоры Мирас Байжігіт.

Компания коммерциялық бағыттағы қызметімен қатар Германиядағы Гёттинген университетімен бірлесіп, мал жаюдың табиғи экожүйелерге әсерін зерттеу жұмыстарына қатысуда. Зерттеу аясында жайылымды пайдаланудың табиғи өрт қаупін азайтудағы ықтимал рөлі де қарастырылады.

Ұзақ мерзімді жоспарда iGps Tech спутниктік мониторингті, ветеринариялық бақылауды, талдау жүйелері мен аграршыларға арналған сервистерді бір арнаға тоғыстыратын бірыңғай цифрлық платформа – Agro-SuperApp құруды көздеп отыр.

Осының барлығы мал шаруашылығын цифрландыруға, аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий