ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

533 Views

Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында БАҚ өкілдеріне үлкен міндет жүктеген болатын. «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек. Қазіргі медиа мәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқиғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құралдарының басты нысанасына айналуға тиіс» – деген болатын.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті берген бұл тапсырма мақала жарық көргелі бері жоғары деңгейде іске асып келеді. Баянды бастамалардан біздің редакциялық ұжым да қалыс қалған емес. Бүгінгі күнге дейін ел өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан жандар жайында шама-шарқымыз келгенше жазып та келдік. Дәл бүгін сол дәстүрді қайта жандандырмақпыз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Жұмабек Татаев. Луговой ауылының тұрғыны болған Жұмабек Жапарқұлұлын жергілікті жұрт Жұман ағай ретінде таниды. Ауылдың құрметті азаматын білмейтін жан жоқ шығар, сірә! Себебі, ол Тұрардай тау тұлғаның есімі берілген мектепте табан аудармай біраз жыл қызмет етті. Сол аралықта көптеген оқушыларға дәріс беріп, өскелең ұрпақты спортқа баулыды.
Жуырда мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен волейболдан ауданаралық турнир өтті. Аталмыш турнир ұлағатты ұстаздың құрметіне арналды. Оған аудан мұғалімдерінен құралған оннан астам команда қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады. Бірден айта кетейік, жас буынның жадында ұлағатты ұстаздың есімін қалдыру, оның ісін үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған дүбірлі дода өте тартысты өтті. Аты аталған іс-шара салтанатты жиынмен басталып, оған ауыл әкімі Мұратбек Сванов, ауыл ардагерлері Бейсенбек Әлпейісов, Серік Қосшығұлов, спорт ардагері Ұланбек Омарбеков, мектеп директоры Ербол Қайпулдаев және ұстаздың бауырлары мен балалары қатысты. Өз кезегінде олар сөз сөйлеп, Жұман ағай жайында көптеген естеліктер айтты. Жуырда Жұман ағай дәріс берген мектептің Талғат Рысбек есімді оқушысы республикалық жарыстан жүлделі оралыпты. Салтанатты жиында ол да марапатталғанын тілге тиек ете кетейік.
Енді турнирге қайта оралайық. Жоғарыда турнир тартысты өттік дедік қой. Расымен де солай болды. Айқын фоварит саналған командалар білгенінен жаңылып, қарсыластарына есе жіберіп жатты. Солардың бірі – алаң иелері. Тұрарлық ұстаздар қатарынан екі ойын ойнап, жаңатұрмыстық және көгершіндік ұстаздарға жол берді. Ал өзге ойындарда Құлан және Әлихан Бөкейханов атындағы мектептің ұстаз­дары жақсы ойын өрнегін көрсетті.
Жарыс нәтижесі бойынша жүлделі үшінші орын Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектеп мұғалімдеріне бұйырса, екінші орынды Ақтоған орта мектебінің ұстаздары місе тұтты. Ал байрақты бәсекенің бас жүлдесі жаңатұрмыстық ұстаздардың қанжығасына байланды.
Жиын соңында жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталып, Жұмабек Жапарқұлұлының әруағына арнап құран бағышталды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: