Тұрғындар жұмыспен қамтылды

519 Views

Сәрсенбі күні Құлан ауылындағы М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің ғимаратында аудандық прокуратура және аудан әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп, бос жұмыс орындарына жәрмеңке ұйымдастырды.

Аталмыш іс-шараға аудандық прокуратура қызметкерлері, халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары, сот орындаушылар және ауданның жұмыссыз тұрғындары қатысты.
Жәрмеңкеге 20 жұмыс берушіден 103 тұрақты жұмыс орны, ақылы қоғамдық жұмысқа — 7, жастар практикасына – 9, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 10, «Күміс жас» жобасы бойынша 23 бос жұмыс орны ұсынылды. Олардың қатарында дәрігер, зертханашы, балташы, тәрбиеші, еден жуушы, аула сыпырушы, инженер-гидротехник, жүргізуші, музей әдіскері, аспазшы, механизатор сынды мамандықтарға сұраныс берілді.
Ілкімді іс-шара барысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Нәтижесінде тұрақты жұмысқа 15 азамат, оның ішінде пробация қызметі есебінде тұрған 1 азамат жолданды. Ал, ақылы қоғамдық жұмысқа 7 азамат оның ішінде мүмкіндігі шектеулі 2 азамат және пробация қызметінің есебінде тұрған 1 азамат жұмысқа жолданды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: