Мақсатымыз – халықтың дауыс беруіне толықтай мүмкіндік жасау

618 Views

Біздің сұхбат

Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың маусым айының 5-ші жұлдызында «Республикалық референдум өткізу туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Мінеки, межеленген күнде жақындап келеді. 5-ші маусым, яғни осы аптаның жексенбісінде елімізде бүкілхалықтық референдум өтеді. Осы орайда, газетіміздің тілшісі Марат Диханбай аудандық референдум комиссиясының төрағасы Тілепов Манарбек Әмреұлымен хабарласып, сұхбат құрған еді. Ендеше, сөз тізгіні – тілшімізде.

Тілші: – Манарбек Әмреұлы, шыны керек, «Референдум өткізу туралы» Президент Жарлығы шыққаннан кейін еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары осы тақырыпты кеңінен қаузап жазып жүр. Бір нәрсе анық. 5-ші маусым күні елімізде өтетін референдумның маңызы да, мәні де айрықша болғалы тұр. Өйткені, «Жаңа Қазақстанды» құру үшін – жаңашыл көзқарас та керек. Жауапты науқанға дайындық барысы қалай жүріп жатыр?
– Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 20-бабына сәйкес, референдумға дайындықпен оны өткізу – орталық, аумақтық және учаскелік референдум комиссияларына жүктелген. Ал олардың функциясын орындаушы референдум комиссиялары болып табылады. Референдумды әзірлеу мен өткізу жұмыстарына аудан бойынша 1 аудандық референдум комиссиясы және 35 учаскелік референдум комиссиясының 237 мүшелері қызмет көрсетеді деп күтілуде. Орталық референдум комиссиясының арнайы бекітілген күнтізбелік жоспарына сәйкес, облыста аумақтық және учаскелік референдум комиссияларында даярлық жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. Сосын сіздің осы сұрағыңызға қосымша тағы бір деректер айта кетсем деймін. Қазақстан Республикасындағы «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 24 және ҚР «Республикалық референдум туралы» заңының 25-баптарына сәйкес, референдумға қатысу құқы бар азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерек қордың негізінде жасайды. Ал, ҚР ОСК 2018 жылғы 23 тамыздағы №11/196 «Сайлаушылар мен сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтерді салыстырып тексеру және ұсыну қағидалары» туралы қаулысына сәйкес, сайлаушылардың тізімін салыстырып тексеруді ҚР ОСК «Сайлау» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бөлінген байланыс арнасы арқылы аумақтық референдум комиссиялары жүзеге асырады.
Тілші: – Түсінікті. Ал референдум өтетін күні мүмкіндігі шектеулі жандар да дауыс беруі керек қой. Өйткені, олар да осы елдің азаматы мен азаматшасы. Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз дауыс беруіне толықтай жағдай жасалған ба?
– Жалпы, заң талаптарына сәйкес, (18-39-48-бап, 2-1; 8-бап, 2т) мемлекеттік және жергілікті органдар референдум учаскелерін телефон, интернет байланыстарымен, электр энергияның қосымша көздерімен, сумен, компьютерлік техникамен, өрт қауіпсіздігінен, санитарлық нормаларды сақтау және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың референдумға қатысу құқықтарын қамтамасыз ету және олар дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде кедергісіз кіруіне, дауыс беруіне жағдайлар жасаулары тиіс. Референдум өтетін мекен-жайларда (учаскелерде) пандустар, тактильді жолақтар орнатылуы тиіс. (18-39-48-баптар.) Сол сияқты қала, аудан орталықтарында колл центрлардың жұмыстарын ұйымдастыру қажет. (колл центр-2-16-00)
Ауданда референдум учаскелерін жабдықтау барысында референдум учаскесінде дауыс беретін мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы кабиналар жасақталып, ҚР ОСК бекітілген нұсқаулыққа сәйкес, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Ауданда дауыс беру құқығына ие 99 мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың 47-сі тірек-қимыл аппараты бұзылғандар (арбаға таңылғандар) болса, 28-і көзі нашар көретіндер, 18-і есту қабілеті нашар жандар. Осы азаматтар мен азаматшалар үшін әр 35 референдум учаскесінде пандустар, тактильді жолақтар, арнайы кабина және жабдықталған бұрыш құрастырылған. Сондай-ақ, референдум өтетін күні инва-такси жұмыс істейтін болады.
Тілші: – Соңғы сұрақ. Аудан жұртшылығына айтар тілегіңіз болса, жазуға әзірміз…
– 5-ші маусым күні жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, әрбір референдум учаскесінде музыкалық концерттер ұйымдастыру жоспарланып қойған. Сондай-ақ, алғаш дауыс берген адамдарға аудандық референдум комиссиясы атынан естелік сыйлықтар да табысталатын болады. Қадірменді жерлестер! 5-ші маусым күні сіздерді референдум учаскелерінде күтеміз. Белсенділік танытыңыздар. Себебі, әрбіріңіздің дауысыңыз – өте маңызды.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: