Жақсылықпен кел, Жаңа жыл
52 ViewsЖаңа жыл мерекесі аудан орталығында да, әрбір ауылдық округтерде де ерекше тойланды. Дәл сондай ерекше форматтағы Жаңа жылдық мерекелік кеш Көгершін ауылында да өтті.…
Музыка – әрбір адамның жүрек түкпіріне терең бойлап, сезім пернелерін саз сиқыры арқылы баурап алатын ерекше өнер түрі. Ауданымызда осынау құдіретті де, құнды өнерді жас ұрпақ бойына дарытып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап жүрген бірігей мекеменің бірі – М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі. Аталмыш мектеп бүгінде жас өрендердің талабын, талантын ашу үшін түрлі мерекелік
іс-шаралар өткізіп жүр. Cондай кезекті шараның бірі өткен жұмада М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өтті. “Саз әлемі” деп аталатын жылдық есеп беру концерті дәл осы қосымша білім беру мекемесінде өнерін шындап, мектебінің мақтанышына айналған бітіруші түлектерге арналды. Концертте сөз тізгінін мектеп директоры Бабасов Бердіхан Орынбасұлы алып:
– «Өнерді адам бойындағы қабілеттің ең биік көрінісі» деп бағалап жатады. Соның ішінде музыка өнерінің жөні тіптен бөлек. Бүгінде мектебімізде 7 сынып бойынша 350 — ден аса оқушы білім алып, 38 оқушы мектеп бітіргелі отыр. Бұның өзі балалардың музыкаға деген қызығушылығын, өнерге деген құлшынысын білдіреді. Сондықтан шығармашылықтарыңды одан әрі шыңдай түсіңдер. Шын талант қана өнер жолында өз орнын табады, – деп жүрекжарды тілегін білдірді. Сонымен қатар, домбыра, қылқобыз, фортепиано, вокал сыныбын бітірген түлектерді марапаттап, алғыс хат пен куәлік табыс етті. Бердіхан Орынбасұлының айтуынша, 46 жылдық тарихы бар мектепте осы жылғы бітіруші түлектердің саны ең үлкен көрсеткішті құрап отыр екен.
Ұлттық өнер түрлерін жетілдіріп, ұлт мәдениетінің дамуына үлес қосып отырған мектептің шәкірттері расымен де өнерлі-ақ. Өйткені, онда өнерді шын сүйетін жандар қызмет атқарады. Соның бірі- Раушан Кабираева. Нағыз таланттың сахнада шәкірттерімен фортепиана ойнағанын тыңдасаңыз, қандай ғажап деп таңдай қағар едіңіз… Одан бөлек, дарынды жастардан құралған “Сарын” қобызшылар тобының Абай Құнанбаевтың “Айттым сәлем, Қаламқас” әнін орындауы, “Балдәурен” домбырашылар ансамблінің “Секіртпе” күйі өзінің ырғағымен көрерменнің асқақ рухын биіктете түсті.
Расында, Бауыржан Момышұлы бабамыз айтқандай: «Өнер – адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы». Ұлы тұлғаның осы бір сөзін санаға берік ұстап, киелі ұғымның өрісі кеңінен жайылуына үлес қосып жүрген аталмыш Саз мектебінің ұжымы әлі талай жас таланттарды тәрбиелеп, үлкен сахнаға шығарары анық. Оған бек сенімдіміз.
Дариға ДӘУЛЕТҚЫЗЫ.