Баланың бақытын – бүгіннен бағдарласақ…

418 Views

Сәби болғым келеді, сәби болғым… Жайдарлы да, жасампаз, аңғал да, қуанышты бүлдіршіндердің бүгінгі көрінісі еріксіз Мұқағали атамыздың осы бір жыр шумақтарын еске салды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған іс-шарадағы тебіренісімді айтамын. Балалық шаққа сапар шеккендей әсер алып шықтым…

Жалпы, балаларды қорғау күні әлемнің көптеген елдеріне ортақ мереке. Ал, балаларды қорғау дегеніміз – әрбір сәбидің тыныштығын қорғау, тәтті ұйқысын бұзбау, алаңсыз күлкісін тоқтатпау деген сөз. Әрине, бұл менің ұғымымда. Сәрсенбі күні өткен жиын да бүлдіршіндерге арналды. Мерекелік шара “Әлем – балалар көзімен” атты балғын шақтың әсерлі сәттерін бейнелеу байқауынан бастау алды. Балалардың көркем шығармашылығының дамуына, сондай-ақ, туған өлкеге деген сүйіспеншіліктерін арттыруға бағытталған сайысқа жас ерекшеліктеріне қарай көптеген оқушы қатысты. Байқау қорытындысы бойынша 5-6 жас аралығында III орынды Іңкәр Тұрсын, II орынды Амир Сәрсенбек, I орынды Аяна Тілеуімбетова иеленсе, 7-8 жас аралығында III орын Аделина Соболеваға, II орын Каролина Литтауға, I орын Жанерке Жұмабекке бұйырды. Ал, 9-10 жас аралығында III орын Назерке Янгибайға, II орын Гүлсезім Балтабайға, I орын Айша Айымбекке берілді. Кеш “Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі” атты мерекелік концертке ұласты. Салтанатты кешке балалар мен ата-аналар, аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев қатысып, өнерлі бүлдіршіндердің өнерін тамашалады.
Мерекелік іс-шарада сөз сөйлеген Әлібек Терлікбаев:
– Жыл сайын елімізде түрлі мерекені атап өтеміз. Дегенмен дәл осы мерекенің орны бөлек. Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды “Балалар жылы” деп жариялады. Осы жылдың аясында біз бүлдіршіндерге көбірек назар аударып, олардың дамып-жетілуіне арналған біраз шараларды атқарып келеміз. Сондай кезекті іс-шараның бірінде өздеріңізбен қауышып отырмыз. Әр ата-ана үшін перзентінің өсіп-өнуі, бәсекеге қабілетті азамат болуы, білім, өнер, спорт саласында жетістікке жетуі үлкен маңызды мәселе. Сондықтан осыған біз асқан жауапкершілікпен қарауға тиістіміз. Жергілікті атқарушы орган, ата-ана, мектеп әкімшілігі тарапынан үш жақтан бірігіп, күш салып, жұмыс жасау – біздің басты мақсатымыз. Себебі, балалар біздің бақытымыз, болашағымыз, – деді.
Шара барысында М.Өзбеков атын­дағы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары ертегі кейіпкерлерінің рөлін сомдап, балдырғандардың жүздеріне күлкі сыйлады. Мерекенің шырайын келтіріп, қызықты ойындар ойнатты. Сонымен қатар, «Аяна» балабақшасының тәрбиеленушілері «Көк туым мәңгі самғасын» атты қойылым қойып, жасөспірімдердің патриоттық сезімінің оянуына бір серпіліс жасады. Әншілер әуезді ән салып, мың бұралған бишілер де өз өнерлерін ортаға салды. Мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті.
Дариға ДӘУЛЕТҚЫЗЫ.

Поделиться ссылкой: