Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады

526 Views

Тәуелсіз еліміздегі әрбір сәбидің балдәурен шағы алаңсыз, уайымсыз, мамыражай қалпында риясыз есте­ліктерімен қалуы тиіс. Сондықтан да көңілдің гүлі, жанардың нұры болған балаларды қорғау, олардың бақытты балғын шағын қамтамасыз ету – бү­гінде еліміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басты бағыттарының бі­ріне айналған. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та өз ойын білдіріп, биылғы жылды “Балалар жылы” деп жарияла­ған болатын. Осыған орай, мемлекет тарапынан еліміздегі мүмкіндігі шек­теу­лі балаларды қолдауға, олардың ден­саулығын нығайтуға айрықша кө­ңіл бөлініп отыр.
Бүгінде аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде 20 бала әлеуметтік мамандардың қамқорлығына алынған. Олардың адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиетін қалыптастырып, ой-өрісін жетілдіру, өмірге деген құштарлығын арттыру мақсатында әлеуметтік қызметкерлер қызмет етеді. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген қазақы ұғымға сай мүмкіндігі шектеулі балаларға қуаныш сыйлау үшін әрбір мейрам күндері мерекелік іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қыз­мет­керлері ауданымыздағы жеке кәсіпкер Ахметова Шолпан Нұрханқызының демеушілігімен “HAPPY KIDS” балалар ойын-сауық кешенінде қамқорлыққа алынған 8 балаға арнап қызықты іс-шара өткізді. Іс-шара барысында балалар өз мүмкіндіктеріне сай ойындар ойнап, жүздері бал-бұл жанып, мәре-сәре болды. Ерекше мейірімге мұқтаж балаларға тәтті бәліштер мен сусындар таратылып, ата-аналар мен балалар қуанышты көңіл күймен тарқасты. Дана халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Біз де өз тарапымыздан демеушілік көрсеткен Шолпан Нұрханқызына зор алғыс білдіре отырып, еңбегіне табыс тілейміз.

Д.Жұматаева,
аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанты.

Поделиться ссылкой: