Әр азамат тауарлар мен қызметтер алу кезінде өз құқығын қорғауы керек – Тұрсынбекова

353 Views

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова сайлаушылармен кездесу үшін Алматыға келді. 3 қарашада ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша алматылықтармен кездесу өткізді.

«Егер әрбір азамат сапалы тауарлар мен қызметтерді тұтыну кезінде өз құқығын қорғайтын болса, нәтижесінде тікелей немесе жанама түрде бизнесмендер арасында салауатты бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді. Іріктеліп, тек үздіктері қалады», – деді Салтанат Тұрсынбекова.

Қазақстандықтардың 35 пайызы тұтынушы құқығы бұзылса ешқайда жүгінбейді. Мұндай нәтижелерді Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің 2017 жылғы әлеуметтік сауалнамасы көрсетті.

2021 жылы табиғи монополияларды реттеу комитеті жүргізген тағы бір әлеуметтік зерттеу Қазақстанда тұтынушылардың құқықтары негізінен бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, қоғамдық көлік, ХҚКО және базарлардағы сауда салаларында бұзылатынын көрсетті.

«Сауда орталықтарына, дүкендерге, базарларға, тамақтану орындарына барамыз. Осы мәселелерде тұтынушы ретінде құқықтарымыз қаншалықты қорғалған? Тауар бүлінсе, қызмет толық көлемде, өз уақытында көрсетілмесе? Қазақстанда осы бойынша арнайы тұтынушылардың құқығын қорғайтын заң қабылданған, бірақ оның барын қарапайым азаматтар біле бермейді. Көпшілік өз құқықтарының қалай қорғалатынын, кәсіпкермен жанжал туындаған жағдайда қайда жүгінетінін білмейді», – деді спикер.

Бұл ретте Салтанат Тұрсынбекова бизнестің де мүддесін ескеру маңызды екенін атап өтті. Атап айтқанда, шағын және орта бизнес өкілдері тексеруші органдардың назарына үнемі ілініп жатады.

«Біз теңгерімді іздеп, бизнестің заңдары мен азаматтардың мүдделерін сақтауды қамтамасыз етуіміз керек, оларға істерін жалғастыруға да мүмкіндік беру керек. Өйткені, кәсіпкерлер жұмыс орындарын ашады, салықты қалыптастырады. Дегенмен, ел тұрғындарының барлығы дерлік сөйлейтін тілде өнім туралы ақпаратты орналастыру – оңай әрі қарапайым нәрсе», – деп қосты спикер.

Еске салайық, 26 қазанда кандидат сайлау науқаны аясында аймақтарды аралай бастады.  Ол Қарағанды ​​облысына бірінші болып барып, құқық қорғаушылармен кездесті.  Кейінірек тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін дағдарыс орталығында әйелдермен сұхбатасуға барды.

27 қазанда құқық қорғаушы Ақмола облысында болып, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің мәселелерін тыңдады, сонымен қатар жергілікті дағдарыс орталығында болды.

Үміткер 31 қазанда Шымкентте тігін фабрикасының 250 жұмысшысымен, қалалық адвокаттар алқасымен кездесті және өзінің «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы арқылы 2017 жылы құрылған отбасын қолдау қызметіне барды.

Сонымен қатар 1 қарашада Түркістан қаласында болып «Белсенді ұзақ өмір» орталығында зейнеткерлермен кездесіп, ҮЕҰ дың кеңсесінде болды.

 

Поделиться ссылкой: