ОСК мүшелері еліміздің өңірлеріне ҚР Президенті сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша көшпелі семинар- кеңестер сериясын жалғастыруда
ОСК мүшелері еліміздің өңірлеріне ҚР Президенті сайлауын
әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша көшпелі семинар-
кеңестер сериясын жалғастыруда
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу шеңберінде ҚР ОСК мүшелері ел өңірлеріне көшпелі семинар-кеңестер сериясын жалғастыруда.
Ағымдағы жылдың 13-14 қарашасында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров пен ОСК мүшесі Шавқат Өтемісов инспекциялық сапармен Маңғыстау облысының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына барды.
Атап айтқанда, олар Ақтау, Жаңаөзен қалаларының, сондай-ақ Маңғыстау облысының Қызылсай, Кендірлі ауылдарының сайлау учаскелеріне барып, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесулер өткізді.
Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен өткен кеңесте уәкілетті мемлекеттік органдар мен облыстық аумақтық сайлау комиссиясы өңірде сайлаушылар тізімдері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің физикалық қолжетімділігі үшін қажетті жағдайлар жасау, сайлау бюллетеньдерін уақтылы жеткізу және т. б. туралы баяндады.
Сайлау науқаны кезеңінде облыстың сайлау комиссияларының жұмысы туралы Маңғыстау облысының АСК төрағасы Елубай Әбілов, сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету туралы облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев баяндады. Олар облыс бойынша сайлау науқанын өткізу үшін 243 учаскелік және 8 аумақтық сайлау комиссиясы, барлығы — 1 765 адам жұмылдырылғанын хабарлады.
Ағымдағы жылдың 10-30 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының өңірлік филиалының базасында сайлау комиссияларының барлық мүшелері «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу» бағдарламасы бойынша оқудан өтіп, сертификаттар алды.
Дауыс беруге құқығы бар мүгедектігі бар адамдардың саны 7 906 адамды құрайды. Облыстың барлық учаскелері жәшіктермен, тиісті кабиналармен, қажетті ұйымдастыру техникасымен, тактильді көрсеткіштермен (пандустар, жеке кабиналар, дауыс беруге арналған бұрыш, Брайль шрифті бар трафареттер және т.б.) жабдықталған. Дауыс беру күні 15 «инватакси» қызметі ұйымдастырылады.
Қалалар мен аудандардың барлық әкімдіктерінде колл-орталықтардың қызметтері жұмыс істейді. Дауыс беру күні әрбір сайлау учаскесінде осы учаске тізіміне енгізілмеген адамдардың сайлау учаскелерін айқындау үшін сервис ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, 5 сайлау учаскесінде мобильді ХҚКО жұмысы ұйымдастырылады.
Сайлау науқанын ақпараттық қамтамасыз ету шеңберінде қоғамдық орындарда 5000-нан астам инфографиялық материалдар орналастырылған, өңірлік теледидарда есептен шығару куәліктері, шетелде дауыс беру, дауыс беру тәртібі және т.б. туралы бейнероликтер таратылады. Сонымен қатар облыс аумағында 112 билборд, баннер және LED-экрандар орналастырылған. Азаматтарды ақпараттандыру мақсатында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп ұялы байланыс операторларының желілері арқылы SMS, сондай-ақ банктердің мобильді қосымшалары арқылы PUSH-хабарламалар жіберіледі.
Сапар аясында Нұрлан Әбдіров Маңғыстау облысының сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығын тексерді. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін учаскелердің ыңғайлылығы мен қолжетімділігін әрбір учаскеде мүгедектігі бар азаматтардың нақты қандай санаттары осы учаскенің тізіміне енгізілгенін, сондай-ақ осы адамдар үшін учаскеде тиісті жабдықтың болуын нақтылай отырып тексерді.
Сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығын тексере отырып, Нұрлан Әбдіров сенім білдірілген адамдар мен байқаушыларға, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне және сайлау процесінің басқа да қатысушыларына дауыс беру барысын кедергісіз бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілетіндей етіп сайлау жәшіктерін орналастыру қажеттігін тағы да атап өтті.
Бағдарламаның екінші бөлімінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары үшін кейс технологиясы негізінде іскерлік ойын түрінде тренинг өткізілді. Мұнайлы ауданының № 224 сайлау учаскесінде іскерлік ойын барысында алған білімдерін бекітудің жаңа әдісі сыналды. Әдіс сайлау комиссияларының барлық мүшелерінің ұжымдық қатысуымен, сондай-ақ интерактивтілігімен сипатталады. Ортсайлауком Мұнайлы ауданының АСК әзірлеген осы әдісті пайдалана отырып, іскерлік ойындарды өткізу тәжірибесін қорытындылауды, оны электоралдық оқыту процесінде барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына қолдануды пысықтауды және ұсынуды жоспарлап отыр.
Өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров, ОСК хатшысы Мұхтар Ерман және ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина 9-15 қарашада Павлодар, Қызылорда, Алматы және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында семинар-кеңестер өткізді.
Семинар-кеңестердің бірінші бөлігінде ОСК мүшелері өңірлерде ҚР Президенті сайлауын ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы уәкілетті мемлекеттік органдар мен сайлау комиссиялары мүшелерінің баяндамаларын тыңдады.
Мәселен, Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Д.Е. Ибраев облыс бойынша барлығы 510 847 азамат сайлаушылар тізімдеріне енгізілгенін хабарлады. Облыста барлығы 528 сайлау учаскесі бар, оның 21-і қолжетімділігі шектеулі. Қалалар мен аудандар әкімдіктерінің деректері бойынша барлық сайлау учаскелерінде дауыс беруге арналған үй-жайлар ОСК нұсқаулығына сәйкес жарақтандырылған.
Сайлау учаскесін нақтылаудың ыңғайлылығы үшін ЖСН бойынша сайлау учаскесі туралы ақпаратты іздеу телеграм-бот жұмыс істейді. Барлық 13 әкімдікте Call-орталықтар бар. Сонымен қатар, сайлаушылар үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы базасында call-орталық жұмыс істейді.
Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.А. Дисюпова облыс бойынша дауыс беру кезінде ерекше жағдайларға мұқтаж мүгедектігі бар 3,3 мыңнан астам сайлаушы бар екенін хабарлады. Осыған байланысты облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау учаскелеріне кедергісіз кіруі үшін жағдай жасау бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Дауыс беру күні 18 «инватакси» қызметі ұсынылатын болады. Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын іске асыру үшін сайлау учаскелеріне бара алмайтын мүгедектігі бар адамдарға дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшігі бар көшпелі комиссиялар ұйымдастырылатын болады.
Өз кезегінде Қызылорда облысы әкімдігі аппаратының басшысы Ш.А. Байманов облыста комиссияның 2710 мүшесі жұмыс істейтінін хабарлады. Қызылорда облысы бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың жалпы саны — 482 934 адам.
Өз сайлау учаскесін нақтылау мақсатында азаматтар Call-орталыққа қоңырау шалып, сайлаушылар тізімінде өздерін тексеру жөніндегі saylau.orda.gov.kz. сервисті пайдалану мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, Telegram-бот (sailau_kzoBot) және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы арқылы сайлаушылар тізімін тексеру мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда 12 мыңнан астам сұраныс түсті.
Облыстық сайлау комиссиясы барлық аудандарда және Қызылорда қаласында комиссияның 800 мүшесі үшін оқыту курстарын ұйымдастырған.
Бүгінгі таңда өңірде 31 мыңнан астам мүгедек адам тіркелген, олардың 20 071-і сайлауға қатысуға құқылы. Барлық сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдардың кіріп-шығуы үшін жағдайлар жасалған. Аудандарда және Қызылорда қаласында құрылған мониторингтік топ объектілердің толық бейімделуін зерделеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар сайлау кезінде мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау үшін 32 инватакси қызметі жұмыс істейді.
Алматы облысында дауыс беру күні 606 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады, оның 21 – і қолжетімділігі шектеулі.
Облыста барлығы 42 171 мүгедектігі бар адамдар тіркелген. Дауыс беруге арналған 606 сайлау учаскесінің үй-жайлары ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан. Дауыс беруге арналған үй-жайларға кіре берісте 572 сайлау учаскесінде тұтқалар орнатылды, тактильді көрсеткіштер 390 сайлау учаскесінде бар. Сонымен қатар, 585 сайлау учаскесінде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар ұйымдастырылып, кабиналар жабдықталған.
Сондай-ақ, дауыс беру күні облыстың барлық аудандары мен қалаларында сайлаушыларды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін инватакси қызметінің 18 автомашинасы тартылатын болады.
Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы Қ. М. Райымқұловтың баяндамасына сәйкес Ақтөбе облысында 560 819 сайлаушылар бар. Бүгінгі таңда барлық учаскелер қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. 14 Call-орталықтың жұмысы ұйымдастырылды, сонымен қатар азаматтарға ыңғайлы болу үшін жеделхат-бот жұмыс істейді, онда бүгінгі күні 159 мыңнан астам сайлаушылар өздерін тексерді.
Алматы қаласы аппараты басшысының орынбасары К. С. Сухамбековтың ақпараты бойынша сайлау күні қалада 600 учаске жұмыс істейтін болады. Сайлаушылар тізіміне 1 млн. 170 мыңнан астам азамат енгізілген. «1315» бірыңғай нөмірі бар қалалық Сall-орталығы іске қосылды. Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау сайтында сайлаушылар тізімінде өзін тексеруге мүмкіндік беретін сервис әзірленді. Ұқсас қызмет @almaty_sailau2022_bot Telegram бот арқылы іске қосылды. Бүгінгі таңда 70 мыңнан астам адам сайлаушылар тізімінде өздерін тексерді.
Алматы қаласында сайлау құқығы бар мүмкіндігі шектеулі 43.000-нан астам адам тұрады, дауыс беру кезінде ерекше жағдайлар 6209 адамға қажет. Барлық сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділік қамтамасыз етілген. Барлық сайлау учаскелері бірінші қабаттарда орналасқан, пандустар мен тактильді көрсеткіштер бар. Бұдан басқа, сайлау учаскелерінде жасырын дауыс беруге арналған арнайы кабиналар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделген форматта мониторы бар компьютерлер көзделген. Сондай-ақ, дауыс беру күні 54 инватакси тартылады.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Е. Б. Байкеннің баяндамасына сәйкес елордада 407 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Учаскелер 100% материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған (стендтер, көрсеткіштер, жәшіктер, кабиналар, интернетке қосылу және т.б.).
Халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында 10 қазаннан бастап әкімдіктің ресми сайтында «Өз дауыс беру учаскесін табу» сервистік жүйесі, «iKomek109» бірыңғай байланыс орталығы, Telegram чат-боттары жұмыс істейді. 10 қарашадағы жағдай бойынша сервистік қызметтерде 490 мыңнан астам адам өздерін тексерген.
Барлық өңірлерде азаматтарды сайлау туралы ақпараттандыру бойынша тұрақты түрде телеарналарда, радиода, интернет-ресурстарда, баспа басылымдарында және қоғамдық орындарда роликтер көрсетіледі.
Семинар-кеңестер бағдарламасының екінші бөлімінде ОСК мүшелері аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары үшін кейс технологиясы негізінде іскерлік ойын түрінде тренингтер өткізді.
Дауыс беру күніндегі іс-қимыл алгоритмі бойынша сайлау комиссиялары мүшелерінің практикалық дағдылары, оның ішінде дауыс беру күніне сайлау учаскесін дайындау, сайлау бюллетеньдерін беру, үй-жайдан тыс дауыс беруге арналған сайлау жәшіктерін сүйемелдеу, дауыстарды санау алгоритмі, дауыс беру қорытындылары бойынша хаттамаларды ресімдеу және т.б. тексерілді. ОСК-ның басқа мүшелері сайлау комиссиялары мүшелерінің іс-қимыл алгоритмі бойынша нақтылайтын сұрақтар қойып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырудағы басты міндет оның ашықтығын қамтамасыз ету екенін еске салды.
Семинарлардан кейін ОСК мүшелері өңірлердің сайлау учаскелеріне барды. Сайлау комиссияларына ОСК мүшелері тарапынан әдістемелік және консультациялық көмек көрсетілді.
Семинар-кеңес бағдарламасының екінші бөлімінде ОСК мүшелері аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары үшін кейс технологиясы негізінде іскерлік ойын түрінде тренингтер өткізді.