ШЫНДЫҚТЫ ШЫҒАРМАСЫНА ШЫРАҒДАН ЕТКЕН

424 Views

немесе Өмірхан Әбдиманұлының «Менің ұстаздарым» атты кітабын оқығанда

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология, журналистика факультеттерінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен және осы факультеттерге декан болған, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылына тиіп тұрған Жақсылық елді мекенінде дүниеге келген. Осы ауылда сегіз жылдық мектепте оқып, көрші жатқан Көкдөнендегі Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептен оныншы сыныпты бітірген. Жас кезінен білім қуған ол 1992 жылы «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасына» ізденіс жасап кандидаттық диссертация, 2007 жылы «Ұлт-азаттық идеясының ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік мәні мен жаңашылдық сипаты» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, ғылым жолына шындап түседі.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін ғалымның еңбегі ескерусіз қалмайды. 1996 жылы Білім Министрлігінің Құрмет грамотасымен, арада бір жыл өткенде «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталады. Ғалым бұл кезде ахметтану мен жоғары оқу орындарына оқулықтар жазуға ерен еңбек сіңіріп, ерекше көзге түсе бастаған болатын. 2012 жылы еліміздегі жоғары оқу орындары қауымдастығының А.Байтұрсынов атындағы Алтын медалінің Өмекеңе берілуі оның ағартушы-ғалымдар мен зиялы қауым алдындағы беделін бұрынғыдан да биіктете түсті. Ал, жуырда Қазақстан Журналистер Одағының Мұхаметжан Сералин атындағы сыйлығының иегеріне республикамыздың Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз қолымен «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін табыс етті.
Білім шыңына мықтап қазығын қаққан жерлесіміздің 2013 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Менің ұстаздарым» атты еңбегін тағы да бір парақтап отырып, оның ұстазға деген зор ілтипатын, ынта-ықыласын көркем ой, көрікті тіл арқылы жеткізе білгеніне тәнті болдым. Өйткені сол Өмекеңді оқытқан Зейнолла Қабдоловтан, Тұрсынбек Кәкішевтен, Рахманқұл Бердібаевтан, Темірбек Қожакеевтен, Алма Қыраубаевадан біз де кезінде дәріс алдық қой. Ендеше, Өмекең ұстаздары туралы не дейді екен…Соны білейік? 

Білім шырағын ауылдан жиған Өмен (біз оны солай атаушы едік) осы кітабында үш ұстазының есі­мін бөле жарып атапты. Кітабының аңдатпасында автор: «…балаларды оқуға ынталандыра алған, есте қа­лар үш-ақ ұстаз болды. Оның бірі – тарих пәнінің мұғалімі Қарақойшы Нұрпейісов, екіншісі – математика, физика пәндерінен сабақ беретін Жанықұл Әбішев, үшіншісі – алдында мәдени-ағарту училищесін бітіріп келіп ән-күйден сабақ берген, кейін жоғары оқу орнын сырттай бітіріп, математикаға біржола ауысқан Биғазы Бәзілбаев. Бізден бұрынғы оқушы­лар кереметтей мақтайтын, өздері өте жақсы көретін Жанықұл ағай бізге бір-екі рет қана сабақ беріп, кенеттен қайтыс болып кетті. Сол физика пәнінен берген бірді-екілі сабағының өзі мәңгілік есте қалды. Ол кісінің орнына келген Биғазы ағайымыз өнердің сан саласын меңгерген өнерпаз, жақсы математик, білімпаз адам болатын. Қалай болғанда да балаларды сабаққа қызықтыруға жанын салатын. Сабағына қатысты-қатыссыз небір қызықты нәрселерді тауып жүретін. Соның бәрін математикамен байланыстыратын еді. Математикаға әуес балалар ол кісіден көп нәрсені үйренді деп білемін» деп жазыпты.
Өмірханның осы пайымы оны мектеп қабырғасында жүрген­де-ақ ұшқыр қиялға жетелейтін. Әсіресе, тарихшы ағайы Қарақойшының: «Алаштықтар әлі ақталады» деген сөзі оның жүрегіне мәңгілік қадалып қалғаны содан шығар-ау. Сол ағайының айтқандары айдай келді. Алаш идеясы бала Өменнің санасында сақталып қалды. Ал, оны әдебиетке баулыған өнердің сан түрін еркін меңгерген неміс тілінде неміс қызымен сөйлесе білетін, неміс тілі пәнінің оқытушысы, кейін МГУ-дің герман-румын тілдері факультетін бітіріп, сол оқу орнын­да қалып қойған Жұмакүл Қазтайқызы еді. Өкінішке орай оны жасынан жа­быс­­­қан кесел ақыры алып тынды. Өмірхан: «Мені әдебиеттің сырлы әле­міне жетелеген сол кісі еді» деп отырады күні бүгінге дейін.
Өмірхан Әбдиманұлының «Менің ұстаздарым» кітабын оқып шыққан адам оның жан дүниесіне терең үңіледі. Бұл өзі шындығында тұла бойы тұнған эсселік шығарма дер едім. Өмекең бірде Зейнолла Қабдолов болып, бірде Тұрсынбек Кәкішев, енді бірде ғұлама ғалым Рахманқұл Бердібаев болып тебіренеді, толқиды. Өмірханның: «Мен осы журналист, жазушы бола алмаспын» деген сөзін де естігенбіз. Бәлкім, бұл оның әлгіндей тау тұлғаларға қарап кішірейгені шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, оның тілінен майы тамып тұрғанын жазған дүниелерінен аңғармау мүмкін емес қой. Ол өзі туып өскен (бұрынғы Тельман) қазіргі Жақсылық ауылында жүргенде де өте қарапайым азамат болып көрінетін. Сөйтсем, оның шыбын жаны жүрегінде, мейірімі жарқанаттай ғана жанында екен ғой.
Өмекең өзінің естелігінде: «Оралбек бөлем (осы ауыл­дар­дағы мектептерді жиырма бес жылдай басқарған ұлағатты ұстаз)менің әсем қала Алматыға деген талай жылдар бойғы махаббатым мен сағынышым­ның мауқын басты. Маған «Иран бағы» болып көрінген жұмақтай шаһардың әсемдігін айтып аузымның суын ағызды. Ең бастысы, қаладағы Мұхтар Әуезовтың музей-үйін көріп, онда Рахманқұл Бердібаев сынды Халық университетінің қоғамдық негіздегі ректорының лекциясын тыңдау, сол кездегі астананың руханият әлемінің ығай мен сығайларымен танысып, білісу мен үшін үлкен бақыт еді»дейді. Автор осы кітабына аттарын айшық­тап жа­зып, өзінің азамат болып қалып­та­суына үлкен еңбек сіңірген ұстаз­дары Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, Ясен Николаевич Засурский, Сейділдә Оразалиев, Қадыр Мырза Әлі, Алма Қыраубаева, Бейсенбай Кенжебаев, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Рымғали Нұрғалиевтар туралы орны мен оябы бөлек ой-толғаныстарын жеке дара жазады.
Өмекең: «Өткен ғасырдың 1968 жылынан жүргізіле бастаған үйірмеге Тұрсекең (Тұрсынбек Кәкішевті айтамын) шәкірттерін өз қолымен жетектеп әкеп ғылымға қосты. Олардың ішінде бүгінде әдебиеттану ғылымының көрнекті ғалымдарына айналған Шәкір Ыбыраев, Жанғара Дәдебаев, Құлбек Ергөбеков, Серік Негимов, Балтабай Әбдіғазиев, Болатжан Әбдіқасымов, Бақытжан Майтанов, Анарбай Бұлдыбаевтар бар болатын. Осы үйірмеге бірінші курста мені аяулы апайым Алма Қыраубаева алып келген еді. Сонда «Біржан-Сара» айтысының зерттелуі» деген тақырып бойынша конференцияда баяндайсың» деп мені Т.Кәкішевке тапсырған. Тұрсекең әр студент жасаған баяндамадан жылт еткен ұшқынды дәл аңғарып, талдауда айтылған өткір сын пікір мен ұтқыр ойды жіті саралап, талғамы биік шәкірттің талабын дәл танитын. Осы арқылы ғылымға қол созған жастың бойында бұғып жатқан ұяң да бұйығы таланттың көзін ашатын».
Өмірхан Мәскеуден МГУ-дің журналистика факультетін біті­ріп келіп, Жезқазғанға барып бір жыл қызмет істеген соң өзінің ғылымдағы жолын жалғастыру үшін Алматыға келген. Келген соң өзінің ұстаздарымен ақылдасқан. Сәкен Сейфуллинді, Сәбит Мұқановты зерттеген ұстазы Т.Кәкішев 1987 жылы Өмірханды Зейнолла Қабдоловтың қолынан тартып алғандай болады. Сөйтіп, шәкірті Ш.Айтматов шығармаларындағы қазақ тақырыбынан айнып, Кәкішев айтқан Алаш тақырыбын алады. Сөйте тұра З.Қабдоловқа барып жолыққанда ол кісі: «Қарағым, бәріміздің ортақ ісіміз білімді көтеру. Тұрсынбек дұрыс айтып отыр. Алаш тақырыбы қазір ұлтымызға өте қажет. Тарихшылар оны құлшына бастап та кетті. Академиядағы жас жігіттер бұл тақырыпты бөлісіп алыпты. Бізде оған баратын адам жоқ болып тұр еді. Тұрсынбек сені ұсынды. Саған сеніп отыр, қалай қимайын. Айналып келгенде кафедраның ортақ ісі ғой, бел шеше кіріс. Менің ойымша Ахмет Байтұрсыновты алғаның дұрыс. Әдебиетіміздің бас кітабын жазған кісі ғой, жұмысыңа менің де көмегім болады. Шынымды айтсам, Ахаң саған абырой әпереді» деп ертесіне екі ұстазым бі­рі­гіп «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы» деген тақырыпты бекітіп берді.
Зекеңнің айтқаны келді. Алаш тарихы, Ахмет Байтұрсынов туралы Өмекеңнің 356 беттік еңбегі зая кетпеді, Тұрсекең оны да оқып шықты. Студенттер алдында 90 минуттық баяндама жасатты. Ой, несін айтасыз, Т.Кәкішев ағамыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым мен жаңа технология министрлігінің шешімімен «Қазақ диаспорасы әдебиетін зерттеу» лабораториясын ашты. Сол кездегі Премьер министрдің орынбасары Г.Әбілсейітовтың қолдауымен Монғолияға ғылыми іс-сапармен барып, ол жақтан олжалы оралды. Том-том қолжазба, кассеталық ән таспалар халық аузынан жазып алынған дәптерлер ұлт әдебиеті үшін үлкен байлық болатын. Бұл Өмірханның ұстазының азаматтық тұлғасының айқын танылған тұсы еді. Осынау тарихи сәт те шәкірттің кітабынан айқын да айпара көрініс тапты.
Ал, Өмірхан Әбдиманұлының «Сөз өнерінің көсемі» деген мақаласындағы бәріміз ынта-шынтамызбен беріле тыңдайтын сөз өнерінің зергері Зейнолла аға Қабдолов болатын. Ол кісінің «Әдебиет теориясының негіздері» деген оқу құралын құлшына оқушы едік. Өмекең мен ойлағандай-ақ, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Бердібаев, Р.Нұрғалиевтердің еңбектерін қалт жібермей оқыған екен. Осы кітап туралы Өмекеңнің көкірегіне түйгенін қаз-қалпында айтып көрейікші. «Бұрындары әдебиет теориясына қатысты Қажым Жұмалиевтің мектепке арналған кітабын қарағанымыз бар еді, мынаның жөні бөлек екен, теориялық еңбек болғанымен, бейне бір өзіңмен сырласып отырғандай тарта жөнелетін қасиеті бар, әр нәрсені көрікті де көркем тілмен майдалап отырып жеткізетін, әрбір сөзі мағыналы да маңызды болғанына қарамай, көкейге қона кететін жеңілдігімен қызықтыратын кітап болып шықты» дейді. Бұл Зейнолла Қабдоловтың кітабы туралы автордың өз пікірі. Ал, біз (С.Қ.) ол кісінің сабағына қатысып отырғанда ұстаздың мейірімді де ойлы жанарынан көз алмайтынбыз. Сол сүйкімді жымиыс, қалың қабақ мәңгілікке жадымызда сақталып қалыпты.
«Бірде, – дейді Өмекең, – Зәкеңмен кездесуді Алма апай жүргізді. Зейнолла аға бірден отырған жұртты өзіне баурап алып, кемерінен асқан кемел ойлар ағысының тереңіне тарта жөнелді. Көсемдік те, шешендік те бір бойынан жарасым тапқан ұстаздың сол кездесудегі жүзі әлі көз алдымда» дейді ол. Өмекеңнің сондағы жан тебіренісін одан әрі қарай өрбітіп көрейікші: «Сөз тиегі ағытылған сайын ол бірте-бірте асқақтап бара жатқандай еді. Таңқаласың. Ойдан ой туғызып, түйсінуден тұжырым жасап, тұжырымнан түйін түйіп, сөзбен сөз­ді түртіп оятып, бейнелі сөзді мың құ­былта ойнатып, айтар ойдың ажа­рын ашып, әсерлі етіп жеткізеді екен». Бұл Өмірхан шәкірттің сол бір кездесуден алған әдемі әсері.
Енді автордың осы түйсігін ой елегіне салып көрейікші…Ұстаздың сөз маржанын қиыннан қиыстыруын әсірелеп: «сөзбен сөзді түртіп оятып, санаңа жарқ еткізіп сәуле шашып» деген тіркестермен тәп-тәуір афоризм құрайды. Өмекеңнің ұстазына елік­теп, әдіпті сөздің әліппесін аша білуі шындығында да педагог – ғалымның көркем әдебиетке, әдебиет теория­сына деген танымы мен талғамының биіктігін көрсетеді. Ұстазының өлең оқудағы үрдісін, поэзияға жаңа келген шәкірті Аманхан Әлімнен үлкен үміт күтетінін жалпақ жұрттың алдында жайып салуы расында заңғар тұлғаның «Ұлық болсаң – кішік бол» деген ұғымға жүгінгенін көрсетеді.» Жалпы Зекеңнің шешендігі оның табиғатындағы үш қасиетпен етене табысып жатады. Олар: білімге тереңдік, ойға ұтқырлық, сөзге тапқырлық» дейді Ө.Әбдиманұлы.
Қалай дегенде де әдебиеттану ғылымының бастауында өзінің «Әдебиет танытқыш» кітабымен Ахмет Байтұрсынов тұрса, ал, әдебиет теориясы саласын шырқау биікке көтерген ғалым, академик Зейнолла Қабдолов екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ғалымның «Сөз өнерін» бар өнердің басы деп қарағаны айтар сөзіміздің ақиқатын ашып тұрған жоқ па? Кезінде кемеңгер Зекең Ахаңның еңбегіндегі ұлттық танымға негізделген қасиеттерді тап басып көре білді. Енді оны насихаттау Өмекең сынды, одан кейінгі жас ғалымдардың еншісіне тиіп отыр.
Ө.Әбдиманұлы өз еңбегінде ғұлама ұстаз Рахманқұл аға Бердібаев туралы да кесек-кесек ой-тұжырымдарын, ол кісінің азаматтық тұлғасын ашып көрсете білген. Ол кісі бізге «Қазіргі кеңес әдебиеті» пәнінен дәріс берді. Ол кісі ұзақ жылдар бойы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының фольклористика бө­лімін басқарды. Дәлірек айтқанда, бүкіл түркі дүниесіндегі фольклорлық мұраны зерттеудің бірден бір ұйым­дастырушысы бола білді. Ғалым әде­бие­тіміздің жаңашыл сипатын ашып көрсетіп, сөз өнеріндегі «сиықсыз» дүниелерге сын көзбен қарады. Ұлт мүддесі үшін жанпидалыққа дейін барды. «Ең үлкен мәдени байлық» атты мақаласы үшін қудалауға түсті. Ол кісі 1986 жылғы Желтоқсанда да қарап жатпай Колбиннің қабылдауында болып, жастарға араша түсті. Осыншама қайсарлық, қайрат оның ғылым жолындағы ілгерілеуіне жол ашты. Р.Бердібаев Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, академик, «Түрік дүниесіне қызмет еткені үшін», сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері атанды.
Ө.Әбдиманұлы Мәскеуде заңғар Засурскийден тәлім алып, ұлық ұстаз, ақиық ақын Қадыр Мырза Әліден, Алма Қыраубаевадан, Темірбек Қожакеевтен өмірлік дәріс алғанын, оларды өзінің кейінгі өмірі мен творчествосына тағылымы мол тәлім­герлер деп санайтынын ашық айтыпты. Өмекең кітабын түйіндей келіп: «Осы тұлғалардың адамдық, азамат­тық болмысын аша алдым ба? Мені осы мәселе толғандырады»дейді. Иә, Өмірхан олардың кейбіреуімен отыз жылға жуық, енді біреуімен он жыл бірге еңбек етіпті. Бұл бір адамды тани алатын уақыт екенінде дау жоқ. Мәселе ұстаздың адамгершілігі мен еңбексүйгіштігінде. Олардың артына қалдырған мұрасы бір емес, біраз жылдарға дейін жүк болатынына шек келтірмеңіз. Өйткені өзі айтқандай, Өмекең: «Шындықты шығарма­сына шырағдан» етіп ұстаған көрінеді. Алайда автор бұл тақырыбына әлі та­лай рет оралатынын да жасырмайды.

Сейсен Қожеке,
журналист, ақын, аудармашы,
ҚР Журналистер Одағы сыйлығының иегері.

Поделиться ссылкой: