Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда
36 ViewsКеше ел азаматтары Атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Өзім…
Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы.
Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән — маңыз болмайтыны белгілі.
Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде.
Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі Қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Өткен ғасырда Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтар секілді алаш алыптары тіліміздің жанашыры болды. Бүгінде ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз – ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде – ұлт та жоқ.
О, туған ана тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран құстың жанары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде…
Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – Қазақ тілі.
Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, ырысымыз. Басқа тілді білу – әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды.
– Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, – дейді ақын Қадыр Мырза Әли ағамыз.
Ана тілім менің, сен менің анам болған кезіңде көкірегіңе жабысып, төсіңнен ақ сүтіңді емдім. Сен менің ағам, інім, әпкем, қарындасым, бауырларым болған кезіңде мен сені одан әрмен түсініп, ұғынғым келді. Абай мен Мағжан сынды алыптар қастерлеген ұлтымыздың тірегі сенсің, туған тілім. Бірақ, менің терім «туған тілім» сен үшін ғана төгілсін, менің өмірім сен үшін ғана өрілсін! Олай болса, ана тілімізді алдымен өзіміз құрметтейік, ардақтайық! Сонда ғана туған тіліміздің туы биіктерде желбіреп тұратын болады.
Бекзат Жайлаубаева,
аудандық «Тілдерді оқыту» орталығының штаттан тыс оқытушысы.