Тұрғындар тілегі: кең жол, еңселі ескерткіш, инфрақұрылым мен апаттың алдын алу

331 Views

Жалпы осы біздің басылымды бала кезден оқып өстік қой. Сол сәттерде «Құлан таңында» өзекті мәселелер жарық көріп, халық базынасы ашық түрде айтылып жататын. Сонда бір байқағанымыз, сол жылдары тұрғындар тарапынан көгілдір отын, ауыз су және жарықтың жоқтығы жиі қозғалатын. Бірақ қазір осы мәндегі сұраулар мен өтініштер сәл бәсеңдегендей әсер қалдырады. Олай болмасқа басқа амал да жоқ. Себебі, әлеуметті толғандырған бұл мәселелер бүгінде толық болмаса да жеткілікті деңгейде шешіліп келеді. Соның бірі – газ. Дәл қазір 200 астам тұрғыны бар ауданның әрбір елді мекенінде көгілдір отын бар. Дегенмен бұл тізімде Шолаққайыңды ғана жоқ. Жуық арада аталмыш елді мекен де сол тізімді толықтырады деген сенімдеміз. Тек сәл сабырлық таныту керекпіз. Қазіргі қоғамның талап-тілегі де, өтініші де өзгерген. Кезінде шам жағудан шаршаған халық бүгінде жарықтың жоқтығын емес, керісінше рухани құндылықтарды дамыту және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса назар аударып отыр. Оны біз Президент пәрмені аясында Көгершін және Көкдөнен ауылдық округіне барып, халықпен жеке жүздескен аудан әкімі Ернар Есіркеповтің есеп беру кездесуінде анық аңғардық.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың №826 Жарлығы аясында аудан әкімі 45 кездесу өткізіпті. Оның 30-дан астамы қазіргі аудан басшысы Ернар Серікәліұлының қатысуымен өткен екен. Маусым айының соңында аудан тізгінін ұстаған Ернар Есіркепов бұл жолы Көгершінге ресми түрде төртінші рет атбасын бұрыпты. Жоспарлы жұмыстарға кездейсоқ іссапарларды қосқанда олардың саны одан әрі ұлғаятыны айтпаса да белгілі.
Жалпы Көгершін ауылдық округінде өзекті мәселелер өз шешімін тапқан сыңайлы. Осыдан бір-екі жыл бұрын мәдениет үйі, спорт кешені мен көше жолдарының жоқтығын айтып келген халық бұл жолы көп мәселе көтерген жоқ. Себебі онда жоғарыда айтылған мәселелер дәл қазір жүзеге асуда. Тоқсан орындық мәдениет үйі мен спорт кешені бой көтеріп, былтыр бірқатар көше жолдары толық асфальтталған екен. Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстары өтпелі болғандықтан, аталмыш бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын табуда. Бұл туралы көгершіндіктерге аудан басшысының өзі толық баяндап берді.
– Біз биыл Сіздердің ауылдарыңызға қомақты қаражат бөліп отырмыз. Ол спорт кешені мен мәдениет үйінің құрылысына, саябақты ретке келтіруге және балалар ойын алаңын салуға жұмсалмақ. Сондай-ақ, ескі мәдениет үйінде мемлекеттік мекемеге айналдыруды көздеп отырмыз. Ғимарат иесімен келіссөз жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта оны да жөндеуден өткізіп, қажетті мақсатта қолданатын боласыздар. Ауылдарыңыздағы өзекті мәселенің бірі су екенін білемін. Оны да басты назарда ұстап отырмыз – деп, атқарылған әрі алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарды тізбектеп берді. «Сұрақ-жауап» кезеңінде ауыл тұрғындары көп мәселе көтерген жоқ. Тек ауыл ақсақалдары Есенбай Пірімбетов пен Оразхан Асанов ауылға апаратын жолдың тарлығын, көшеде жабайы иттердің көптігін және ауылдың ғана емес, кезінде бүкіл одақтың атын әлемге танытқан атақты Абсент жылқысына еңселі ескерткіш орнату керектігін жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан құбыр қақпақтарының жоқтығы және су іркуіш имаратына қарай жол салу керектігі өтініш ретінде айтылды.
– Иә көтерген мәселелеріңіз өте орынды. Біріншіден, ит аулау мәселесіне тоқталайық. Қазір жабайы иттерді ату заңмен шектелген. Сондықтан біз қазір әрбір ауылдық округтерге қақпандар құрып жатырмыз. Бірақ, бұл – аз. Алдағы уақытта тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын қолға аламыз. Себебі, көшеде жүрген иттер алыстан келген жоқ. Ол сол ауылдың тұрғындарына тиесілі. Екіншіден, ауылға апаратын жолдың тарлығын мойындаймын. Ақсақал ұтымды ұсынысыңызды ескеріп, қаржыны нақтылау кезінде бұл мәселені қарайтын боламыз. Сондай-ақ, құбыр қақпақтары мен жол мәселесі де осы нақтылауда қаралатын болады. Үшіншіден, атақты Абсентке ескерткіш орнату керектігін айтып жатырсыздар. Дұрыс. Бастаманы қолдаймыз. Ұсынысыңызды демеушілер есебінен шешуге тырысатын боламыз, – деп сан түрлі сауалдарға дәйекті әрі нақты жауап қайтарды.
Дәл осындай форматтағы жиын кешкі бес шамасында Көкдөнен ауылдық округінде де жалғасын тапты. Ұлы Жібек жолының бойынан орын алған, ата кәсіпті өздеріне серік еткен Көкдөнен мен Жақсылық ауылының жұрты ауылдық мәдениет үйіне көптеп жиналды. Қос ауылдың қадірлі ақсақалдары Әнуарбек Тұрманбетов пен Кәрбоз Ағыбаев аудан әкімінің есебін тыңдап болғаннан соң, елді мекендердегі мәнді мәселелерді тізбектеп берді. Ақсақалдар су тасқынынан сақтану және алдын алу, Жақсылықтағы бұрынғы медпункт ғимаратын қайта жаңғыртып, оны тиімді пайдалану, Көкдөненде бос тұрған қос қабатты мекемені жөндеу, инфрақұрылым және ауыз су жүйелерін ретке келтіру, қаңғыбас иттерді аулау, дүкені бар ветеринарлық пункт соғу, төрт түлікті асылдандыру, мал өлекселерін тастайтын арнайы орын салу, үйірмелер ашу, спорт мектебінің кем-кетігін ретке келтіру сынды мәселелерді көтеріп, аудан басшысының жұмысына оң бағаларын берді. Сондай-ақ, жиында су және электр жүйелерін ретке келтіру, қоғамдық көлік, көшелерге жол салып, жарық орнату сынды мәселелер де көтерілді.
Аудан басшысы өзіне қойылған сауалдарға толыққанды жауап беріп, мәселелердің барлығы заң аясында шешілетінін айтты.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: