Жазғы сауықтыру лагерінің балаларға тигізер пайдасы зор

613 Views

Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл – жаз маусымы. Үш ай демалыста балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалады. Бұл уақытта бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің көпшілігі лагерь­ге баратыны да сөзсіз. Күн сайын компьютер мен планшетке үңіліп отыратын балалар бір уақыт еліміздің көрікті жерлерінде болып, лагерьде ұйымдастырылатын мәдени шараларға қатысып, өзіне достар тауып қайтқаны қандай жақсы.
Жаз маусымы басталысымен бала­ларын түрлі лагерьлерге жібер­гісі келетін ата-аналардың да саны көбейеді. Егер балаңыз жан-жағымен тез тіл табысып кете алатын болса, онда оның лагерьдегі әр күні қы­зық­ты өтпек. Жазғы лагерь – бұл тек демалатын жер емес. Лагерь – әр түрлі жарыстарға қатысып, баланың ашылмай жүрген талантын, белгілі бір қабілетін ашатын орын. Жарыстардан бөлек, онда балалар өздері концерттік қойылымдар ұйымдастырып, спорттық ойындар ойнайды. Онымен қоса жазғы сауықтыру лагерьлерінде балалар топпен жұмыс істеуге, көпшіліктің ортасында өзін көрсетуге бейімделеді. Лагерьде бала өзін еркін сезінеді.
Лагерьдің тағы бір пайдасы – таза ауасы. Әдетте жазғы лагерьлер тауда, табиғат аясында орналасқан. Таудың ауасымен тыныстап, ағын судың жанында ойнау бала денсаулығына, иммунитетіне, шымыр болуына көп көмектеседі. Бірақ бұл жағдайлардың барлығы кейбір балалар үшін қолайсыз болуы мүмкін. Мектепте күні бойы өтетін сабақтардан шаршаған кейбір оқушылар демалысты өз үйлерінде ешқандай режимсіз өткізгілері келеді. Лагерьдегі нақты жоспар бойынша өтетін күндер мұндай балаларға ұнамасы анық. Айта кететін жайт, лагерьде баланың өз үйіндегідей жеке бөлмесі болмайды. Жалпы бөлмеден бөлек лагерьдегі барлық орындар топқа, көпшілікке арналған. Бір бөлмеде ұйықтау, бірге тамақтану кейбір балаларға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Сондықтан балаңызбен лагерь туралы сөйлесіп, ішкі ережелерін түсіндірген абзал. Лагерьдегі әр күн таңғы жаттығудан, түскі демалу уақытынан, кешкі би кешінен тұра­тынын айтқан дұрыс. Балаңызды жазғы сауықтыру лагеріне жіберуге қорықпаңыз. Қайта балаңыздың лагерьден кейінгі демалып, жақсы жағынан өзгеріп келген сәтін көз алдыңызға елестетіңіз.

Г.Темірбекова,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары.
Г.Ақылбаева,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы.

Поделиться ссылкой: