Самарқанға саяхат

185 Views

Ата-бабаларымыздан қалған «Өзбек – өз бауырым» – деген сөз бар. Оңтүстік өлкедегі шуақты Өзбекстан жерінде біздің тарихымызбен тамырлас көптеген шежірелі орындар бар. Алты алаштың төбе биі атанған Төле би бабамыз Ташкентте жатыр. Шымыр атаның зираты да осында. Ал, қаһарымен төрткүл дүниені дүрілдеткен Ақсақ темір бабамыз да Самарқанда жерленген. Осынау тарихи шежірелерді білу кейінгі ұрпаққа парыз болса керек.
Осыған орай, 1800-ден астам ардагері бар Т.Рысқұлов ауданындағы ең ірі ұйымдардың бірі – Құлан ауылдық ардагерлер Кеңесі жуырда орта Азиядағы ең көне қалалардың бірі Самарқанға саяхат ұйымдастырды. Жеңіл көлікке отырған жеті ардагер ең алдымен Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласына барып, Төле би және Шымыр бабаларға зиярат етті. Құран бағыштады. Одан кейін Самарқанға бет алған қариялар жол қысқарсын деген ниетпен ата-баба тарихы туралы шежірелер тізгінін ағытып отырды.
Архитектуралық келбеті ерекше Самарқан қаласында қариялар ең алдымен Ақсақ темір бабамыз жатқан кесенеге барып зиярат етіп, дұға жасады. Екі күндік сапарда құландық ардагерлер Ташкент пен Самарқанның тарихи орындарын тамашалап, тамсанып қайтты.
Ауылға бет түзеген ардагерлер бұл саяхатқа демеушілік жасаған ауданның атпал азаматтарына ақ тілек алғыстарын жаудырды.

Т. Жаманбаев, ардагер журналист.

Поделиться ссылкой: