Оқу-жаттығу жиыны ойдағыдай өтті
Апат айтып келмейді. Сондықтан да оған әрдайым дайын болған абзал. Осыны қаперіне мықтап сақтап алған төтенше жағдай қызметкерлері сәт сайын жоспарға сәйкес, оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрады. Дәл сондай жиындардың бірі өткен аптаның жұмасында Луговой ауылында орналасқан «Азиялық газ құбыры» ірі кәсіпорынында ұйымдастырылды. Айта кету керек, аталмыш жиынға кәсіпорынның және аудандық Төтенше жағдайлар бөліміне қарасты 20-ға жуық мекемелер мен бөлімшелер қатысты.
Арнайы шақырылған қонақтар мен сала басшылары ең алдыменнен төтенше жағдай кезінде қызмет ететін арнайы жасақтардың мүшелерімен танысты. Аралау барысында сала басшылары өзіндік бағаларын беріп, олардың техникалық жасақталуын бағамдап шықты.Содан соң арнайы жасақ мамандарына апаттың алдын алуға арналған бірқатар тапсырмалар берілді. Ерекше атап өту керек, аталмыш тапсырмалар тыңғылықты түрде орындалып, оларға басшылық тарапынан жоғары баға берілді.
Тапсырмаға сәйкес, құтқарушылар зілзала орын алған аймақта алдымен іздеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде төрт бірдей кәсіпорын қызметкерін анықтап, оларды құтқарып, медицина мамандарына тапсырды. Іздеу жұмыстарына арнайы үйретілген иттер де жұмылдырылып, құтқару жұмыстары өз деңгейінде өтті. Ізінен өрт сөндірушілер орын алған апатты анықтап, оны толығымен залалсыздандырды. Осының барлығы айналасы бес-он минут арасында толық іске асырылды.
Жәнібек СҰЛТАН.