Жамбыл облысында әлеуметтік оңалту орталығы ашылды

238 Views

Ең алдымен облыс әкімі жамбыл­дық­тарды мүмкіншілігі мол орталықтың ашылуымен құттықтап, әлеуметтік сала­дағы жоспарлы жұмыстарға тоқта­лып өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың Жарлығына сәйкес қа­зан айының екінші жексенбісі – «Мүге­дектігі бар адамдар күні» болып белгілен­ген болатын. Бұл Мемлекеттің еліміз­дегі мүмкіндігі шектеулі аза­мат­тарға айрықша назар аударып отыр­ған­ды­ғының көрінісі.
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қол­дау мемлекеттік саясаттың басты бағыт­тарының бірі және негізгі міндетте­рінің бірі болып табылады.
Бүгінде ерекше қажеттілігі бар жан­дардың жағдайын жақсартып, қоғамда тең мүмкіндіктерге қол жеткізуін қам­тамасыз ету, олардың мәселелеріне қо­ғамның назарын аудару, құқықтарын қор­ғау, қоғам өміріне белсене арала­суы­на жағдай жасау бойынша түрлі шаралар қолға алынған.
Президентіміз өз Жолдауында: «Әлеу­меттік жағынан әлсіз топтағы азамат­тарға қолдау көрсетеміз. Мүм­­кіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», – деп атап өткен болатын.
Осындай ізгі қамқорлықтың нәти­жесінде республика аумағында мүге­дектігі бар адамдарды оңалту мен бейім­деуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ба­ғытта облыста да тиісті жұмыстар атқа­рылуда, – деді облыс басшысы Ербол Қарашөкеев.
Облыс бойынша 45 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Қа­жетті арнайы оңалту құралдармен қам­тамасыз ету және әлеуметтік қол­дау мақсатында ағымдағы жылы 3,6 миллиард теңгеге тиісті бұйымдар алы­нуда. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу шаралары да жүзеге асуда. Арнаулы әлеуметтік қыз­меттер ұсыну мақсатында өңірімізде 21 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс атқарады. Онда 1 689 азамат қызмет алуда. Атқарылатын қыз­меттерге 7,0 млрд. теңге қаржы қа­рас­тырылған.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-ми­нистрі Назгүл Сағындықова сөз алып, ел аумағында Семейде және екіншісі Әулиеата өңірінде осындай заманауи орталық ел игілігіне айнал­ғанын ай­рықша атап өтіп, облыс бас­шылығы мен мердігерлерге алғы­сын жеткізді. Әлеу­­меттік оңалту орта­лығын салу үшін 5,5 миллиард теңге қаражат бөлін­ген.
Салтанатты шарада орталықтың лен­тасы қиылып, аймақ басшысы мен вице-министр жаңа нысанның жұ­мысымен жан-жақты танысып шығып, мамандардың жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетсек, нысанның құрылысы 2021 жылы басталған. Мердігер ұйым «ТаразСтрой – 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Орталықтың жалпы аумағы – 4,932 гектарды құрайды. 5 блоктан тұратын нысанда сауықтыру-жүзу бассейні, акт залы, спорт залы, 3 қабатты емдеу корпусы, ас блогы, 2 қабатты стационар бар.
І және ІІ топ мүгедектігі бар адамдарға физио-емдеу, электрмен емдеу, инелі рефлексотерапия, озакерит-парафинмен емдеу, инга­ля­ция, емдік шынықтыру, емдік уқалау, галокамера, бассейн, жарықпен емдеу, жеке және топтық сабақтар, патронаж, компьютерлік техникаға баулу, кесте тоқу және бисер, тігін, табиғи материалдармен жұмыс жасау, қолданбалы өнер, фитотерапия, мүсін шеберханасы, кескіндеме, аяқ киім тігу, жөндеу, ағаш күйдіру, музыкаға баулу, театр студиясы, кітапхана, зейнетақы, жәрдемақылар, жеңілдіктер түрлерін алуға көмек ету, заңды тұрғыда кеңес­тер беру, хат жазу мен жолдауға көмек беру қызметтері қамтылған.
Әлеуметтік қызмет түрлері қыз­мет алушының денсаулығына байла­нысты 43 күннен бастап 6 айға дейінгі мерзімде жартылай стационар жағдайында көрсетіледі. Орталықта жыл сайын 1000 мүгедектігі бар адам оңал­тудан өтеді деп жоспарлануда.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: