188 Views
Жуырда ҚР Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысқан салтанатты жиында «Үздік педагог – 2023» республикалық байқауының жүлдегерлері анықталған болатын. Бір қуантарлығы, Абай атындағы шағын орталықты орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Тәтібекова сол салтанатты шараға қатысып, «Үздік педагог» белгісін және 3 миллион 450 мың теңгелік сертификат иеленіп, олжалы болып қайтқан еді.
Біз газетіміздің алдыңғы нөмірінде білікті педагог туралы мақала жаздық. Қайталап жазудан танбаймыз. Айнұр Тәтібекова – еңбекқор мұғалім. Ол осы марапатқа әбден лайық.
Осы аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов Астанадан «Үздік педагог – 2023» белгісін алып, жүлдемен оралған Тәтібекова Айнұр Андабекқызын қабылдап, құттықтау лебізін білдірді. Өз сөзінде Ернар Серікәліұлы:
– Оқушыларыңыз 2022-2023 оқу жылында 3 республикалық олимпиаданың, 3 шығармашылық байқаудың, 14 облыстық, 27 аудандық байқаулар мен олимпиадалардың жүлдегері атанған екен. Газет бетінде жарияланған өзіңіз туралы мақаланы тұтастай оқып шықтым. Әліби Жұмабек есімді шәкіртіңіз аудандық, облыстық, республикалық «Абай оқулары» байқауының жеңімпазы атанған екен. Ол Абайдың 200-ге жуық өлеңін, Абайдың 45 қарасөзін, Абайдың ақын шәкірттерінің 100-ге жуық өлеңдерін жатқа білетінін де оқыдым. Осының бәрі үлкен еңбек. Әр мұғалім осылай жұмыс жасауы керек. Сіздің осы жетістігіңіз ауданымыздағы өзге де пән мұғалімдеріне өнеге екенің айтқым келеді. Деніңіз сау, еңбегіңіз жемісті болсын – деп, 500 мың теңгелік сертификат табыс етті. Одан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова да ізгі тілегін білдіріп, Айнұр Тәтібекованы айтулы марапатымен құттықтады.
Кездесу соңында Айнұр Тәтібекова осылай елеп-ескерген аудан басшысы Ернар Серікәліұлына алғысын жаудырып, естелік суретке түсті.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: