Еленем десең, елге жақ!

119 Views

Ауданымызға іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев осылай деді

Осы аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев киелі Құлан жеріне іссапармен келді. Аудан әкімі Ернар Есіркепов Парламент Мәжілісінің депутатын қарсы алып, жоспар бойынша нақтыланған жерлерге өзі бастап барып жүрді. Халық қалаулысының жұмыс барысы Ақыртөбе ауылынан басталды. Яғни, Жигули Молдахалықұлы алдымен Ақыртөбе ауылындағы Сейітбек Көкімбаев басшылық ететін «Хамза» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. «Хамза» шаруа қожалығы 2018 құрылған. Қазіргі таңда шаруашылық жетекшісі 27 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қожалықта жұмыс жасайтын еңбек адамдарының орташа айлық жалақысы – 170 мың теңге. Кейінгі жылдары «Хамза» шаруа қожалығының жетекшісі Сейітбек Көкімбаев мал бордақылау ісіне баса көңіл аударып, бар күш-жігерін сол бағытқа жұмсап жүр. Айталық, аталмыш қожалықтың жетекшісі қазіргі таңда 3 бірдей бордақылау алаңын, 2 жем сақтайтын қамба мен мал сою алаңын соғып үлгерген. Маусым кезінде кәсіпкердің мал бордақылау алаңында 690 бас ірі, 950 бас ұсақ малдар байланады екен. Сейітбек Көкімбаевтың жасап жатқан ілкімді тірлігіне Парламент Мәжілісінің депутаты дән риза болып, еңбегіне береке тіледі. Бұдан бөлек, Жигули Молдахалықұлы Ақыртөбе ауылында салынған және жуық арада пайдалануға берілетін спорт кешенінің де құрылыс жұмыстарымен танысты.
Содан соң, Жигули Дайрабаев аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Осы жиында аудандық мәслихат депутаттары бірқатар мәселелерді көтеріп, сауал қойды. Жигули Молдахалықұлы көтерілген мәселелерді назарға алып, Парламент мінберінде көтеруге қолдан келгенше тырысатынын жеткізді.
Арқа төсінен туған жерге ат басын тіреген мәжілісмен түс ауа Құлан агротехникалық колледжінде шаруалармен кездесті. Онда да проблемалық мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Одан кейін Жигули Дайрабаев «Ауыл аманаты» жобасына енген Абай ауылына барды. Абай ауылында «Ынтымақ – 2022» кооперативі құрылған. Қазіргі күні бұл кооперативтің 156 мүшесі бар. Мүшелікке енген шаруалар басшы­лыққа Берік Қарақойшиевті лайық деп тапқан екен. Берік Момыналыұлы жоба аясында 46,2 миллион теңгеге 7 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын алып, бүгінде мал азығын дайындауға және қамтуға көмек қолын созу үстінде. Сондай-ақ, Жигули Дайрабаев «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 5,7 миллион теңге қаражат алып, сүт бағытында жоспарлы жұмыс атқаруға ниеттеніп отырған Серік Балтабаев және мал бордақылау ісі бойынша 2,5 пайызбен 5 миллион теңге несие алып, жұмыс жасап жатқан Дархан Оразовтың толайым тірлігін көріп, шынайы ризашылығын білдірді.
Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: