Пәтер кілттерін табыстады
Т.Рысқұлов ауданында Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын-үй алқабында көпқабатты 80 пәтер қолданысқа берілді. Алғашқы 23 пәтер кілті кезектілік тәртібімен жетімдер санатындағыларға – 5, әлеуметтік осал топтағыларға – 11, көпбалалы отбасыларға – 7 пәтер кілті табысталды.
Аталған тұрғын үйді «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жобалық құны 706 миллион теңгеге «ТаразСтрой – 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Берілген пәтерлердің бір бөлмелісі – 20, екі бөлмелісі – 20, үш бөлмелісі – 40 үйді құрайды.
Пәтер кілттерін салтанатты түрде тапсыруға аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліпов және аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев қатысты.
Жалпы бүгінде аудан бойынша 2000-ға тарта азамат пәтер кезегінде тұр. Осы мақсатта өткен жылы да 80 пәтер қолданысқа берілген болатын. Үстіміздегі жылдың соңына дейін қосымша 60 пәтер беріледі деп жоспарлануда.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.