Аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов Замир Даниярұлын қабылдады
Ағымдағы жылдың шілде айында Тайландтың астанасы Бангкок қаласында еркін күрестен Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге әр мемлекеттен көптеген жас спортшылар төбе көрсетті. Аталған чемпионатқа біздің ауданнан U-15 жастағы жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен Замир Даниярұлы қатысты. Замир Тайланд елінде өткен додада 62 кг салмақта белдесіп, үшінші орынды иеленді. Осыған байланысты өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов жас спортшыны қабылдады. Кездесуде Ерғазы Жұмабекұлы болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшыға: «Спорт – денсаулық кепілі десек, спорттағы жетістіктер – ел мерейін өсіретін, азаматтық намыс пен жігерін шыңдап, даңқын арттыратын тынымсыз еңбектің жемісі. Мұндай жеңістер қажырлы күшпен келеді. Осы үдеден шығып жүрген аудан спортшылары биік белестерді бағындыруда. Олардың қатарында жастардың жеңіске деген жігерін ерекше атап өтуге болады. Азия чемпионатында намысты қолдан бермей, аудан мерейін үстем еткеніңіз үшін алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да додаларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көріне береді деп сенемін. Жеңісіңіз құтты болсын, – деп, алдағы уақытта ел намысын қорғап, биік белестерді бағындыра беруіне тілектестігін білдірді. Аудан әкімінің орынбасары жас спортшыға, сондай-ақ, жүлдегерді жаттықтырып жүрген бапкерге өз ризашылығын білдіріп, «Алғыс хат» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті. Кездесуде жас спортшы спорттағы жетістіктерін айтып, бұдан да жоғары белестерді бағындыруға ниетті екендігін жеткізді. Ал жас спортшыны жарысқа дайындаған бапкер, ауданда күрестің осы саласын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
«Құлан таңы» ақпарат.