Экоакция аясында тазалық жұмыстары жүргізілді

77 Views

Сәуір айының басында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» экоакциясы іске асқан болатын. Бұл бастаманы құландықтар ауқымды түрде қолдауды жалғастырды. Және әлі де болса, аталмыш акцияны ұйымшылдықпен өткізуде.

«Таза Қазақстан» акциясы – табиғатқа қамқорлық жасаудың маңызды қадамы. Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару және жастарды экологиялық бастамаларға тарту. Осыған байланысты ауданда әртүрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Аталмыш акцияға мыңдаған тұрғындар, соның ішінде жергілікті әкімшіліктердің өкілдері, еріктілер мен белсенді жастар қатысуда.
Ауданда ағымдағы жылдың 17 тамызында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілік аудандағы сауықтыру – демалыс орталық паркі аумағында өткізілді. Іс-шараға аудан тұрғындары, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер, спортшылар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен еріктілер қатысты. Сенбілікке бас-аяғы 150-ден аса мемлекеттік мекеме қызметкерлері жұмылдырылды.

Негізінен акция басталғалы көптеген қоқыс қалдықтары шығарылып, елді мекендердегі скверлер мен парктер, тарихи-мәдени ескерткіштер, әлеуметтік, өнеркәсіп және бизнес нысандар аумағы, су айдындары, субұрқақтар мен арықтар, аулалар мен көшелер тазартылды.
Қоршаған ортаның тазалығы – тұрғындардың ортақ игілігі. Сол себепті барша құландықтарды үй ауласын таза ұстап, экологиялық акцияға үлес қосуға шақырамыз.
Айта кететін нәрсе, тамыз айының 23-і дәл осы саябақта Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «Мәдениет – асыл қазынам!» атты тақырыпта мерекелік іс-шара өткізіледі. Қазіргі уақытта саябақ аумағын абаттандыру шаралары қолға алынып, тақырыптық аллеялар орнатылып жатыр.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: