Ұстаз – ұлылық пен адалдықтың символы

233 Views

Осыдан бірнеше жылдар бұрын «Қазақстан» ұлттық арнасында белгілі журналист Дана Нұржігіт жүргізетін «Дара жол» деген бағдарлама болды. Интеллектуалдық тұрғыдан телекөрерменге пайдасы зор бағдарлама еді. Әттең, сол бағдарлама жалғаспай қалды. Нақ қазіргі уақытта дәл сондай танымдық телебағдарламаларға қазақ жұрты зәру. Өйткені телеэкранды қосып қалсаңыз, қаптаған шоу бағдарламалар. Оның бәрі рейтинг үшін жасалатыны белгілі. Алайда, біз болашақты ойлауымыз керек. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі заманында «Ел боламын десең, экраныңды түзе» демеп пе еді?.. Осыдан ой түйіп, сабақ алсақ, қанеки…
Мен осы шағын ғана мақаламды бекерден-бекер «Дара жол» бағдарламасынан бастағаным жоқ. Өйткені менің ұстаздық қызметке келуіме және ұстаздық жай ғана мамандық емес, ұлылықтың, адалдықтың символы екенін дәл осы бағдарлама арқылы түсінген едім. Соны санаға сіңдірген кім деуіңіз мүмкін ғой? Ол белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, көптеген тілдік нормаларды зерттеген ғалым Өмірзақ Айтбайұлы екенін айтқым келеді. Ғалым ұстаз бола жүріп, талай шәкірт тәрбиелеген. Шәкірттерінің барлығы еселі еңбек етіп, тура сөйлеп, айналасындағы адамдарға арамдық емес, адалдық танытқан. Соның бәрі дәл сол «Дара жол» бағдарламасында айтылған. Шыны керек, әлденеше жыл өтіп кетсе де, мен сол бағдарламаны әлі күнге дейін көріп отырамын. Неге? Өйткені өзім де мұғаліммін. Маған Өмірзақ Айтбайұлының ұстаздық қызметке қатысты айтқан ордалы ойлары қатты әсер етті. Және соны өзімнің қызметтік ұстанымыма айналдырып алғанмын. Содан алған әсерімді кейде оқушыларға айтсам, олар да шабыттанып, ерекше күйге бөленеді. Ұстаздық қызметтегі басты мақсат – әр оқушымен дербес жұмыс жасап, олардың талабын шыңдап, дұрыс бағыт-бағдар беру деп білемін.
«Ғалым да, кенші де бас иетін,
Ұстазым бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең» – деп басталатын ән мәтінінің өзі ұстаздық қызметтің негізгі мақсат-мүддесін көрсетіп тұрған жоқ па? Әрине, ұстаздық қызметке қатысты көптеген өнегелі сөздер бар. Бірақ, соның ішінде адамзаттың ақыны атанған Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздыкі» – деген ғұмырлық сөзі бәрінен биік көрінеді де тұрады. Бұдан асырып ештеңе айту да мүмкін емес.

Жанерке Молдакулова,
Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі.

Поделиться ссылкой: