Жансая Сәрсенбаева жүлделі бірінші орынды иеленді
Көкдөнен ауылында дүниеге келген композитор Мэлс Өзбековтің шығармашылығы хақында біз жақында ғана газетке «Мәңгілік ән қалдырған Мэлс» деген шағын эссе жазған едік. Сонда: «Мэлс Өзбековтің әндері қандай керемет. «Жазылбекшілер маршы», «Тобылғы сай», «Келші Айым», «Ақ тамақ қарлығаштар», «Сұлутөр аруы», «Келші Құланға» сияқты тағы да басқа әндері нағыз классика ғой. Меніңше, Мэлс аға өмірден озғанда халқы жоқтау айтпаған шығар, бәлкім. Өйткені, ол – елдің рухын әнмен көтерген бірегей талант иесі» деп жаздық сол эссемізде.
«Ол хас таланттың бірегейі еді» дегенді де композитордың көзін көргендер ылғи айтады. «Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді» дейді ғой. Сол себептен де болар, Мэлс Өзбековтің жүрегінен тулап шыққан есті әндер қазақ ән өнерінде мәңгілік мұра болып қалды.
Кеше Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «Келші Құланға» атты VI облыстық әншілер конкурсы өтті. Конкурстың мақсаты – әндері ел ішінде кеңінен таралған талантты композитор Мэлс Өзбековтің шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау. Конкурстың шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев сөз сөйлеп, ашып берді. Әлібек Мамытжанұлы өз сөзінде Мэлс Өзбековтің лирикаға толы есті әндері ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретінін айтып, конкурсқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан кейін конкурска қатысушылардың реттік нөмірлері айқындалып, олар кезек реттілігімен сахнада өнер көрсетті. Конкурсқа ҚР Мәдениет қайраткері, педагогика ғылымының кандидаты, әнші-композитор Гүлнұр Өмірбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, елімізге белгілі әнші Досымжан Таңатаров, «Жігер» тобының әншісі Данияр Жүнісалиев, Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Азамат Байжанов және Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Бабасов қазылық етті. Конкурсқа 12 өнерпаз қатысты. Олар бірінші кезеңде Мэлс Өзбековтің әндерін шырқаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта әндер орындады. Конкурс қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің әншісі Жансая Сәрсенбаева (Тұрар Рысқұлов ауданы) жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Жүлделі екінші орын Гүлмира Абреннің (Талас ауданы) еншісіне жазылды. Жүлделі үшінші орын екеу болды. Жақсылық Жандаралиев (Жамбыл ауданы) пен Саламат Молдабаев (Байзақ ауданы) жүлделі үшінші орынға ие болды. Байқау жүлдегерлері мен жеңімпазына алғыс хаттар мен қоса, ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Конкурсқа қатысқан өзге де өнерпаздардың барлығына алғыс хаттар табысталды.
Марат Диханбай.