Шоқ тілді Шона
33 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Журналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп болады. Жүрекке салмақ сол кезде түседі. Бұндай сәттер әрине, сөз басында да айтып өттім ғой, жиі болмаса да арагідік болып тұрады. Бұл – өмір!.. Журналистикада еңбек ете жүріп, көптеген жақсы адамдарды кезіктірдім. Ешкімге қастық, арамдық ойламайтын жандарды да көзіміз көрді. Өйткені, олардың ниеттері түзу. Жастайынан еңбектің қадірін біліп өскеннен кейін болар, бірліктің, татулықтың, бейбітшіліктің қадірін олар жақсы біледі. Жастайынан еңбекпен есейіп, ұл-қыздарына, немере-шөберелеріне аналық, әжелік өсиетін айтып отырған сондай кейіпкеріміздің бірі – Шымшықова Бейсекүл Абдықалыққызы. Бұрынғы Тельман (қазіргі Жақсылық) ауылында дүниеге келген Бейсекүл апа жастайынан еңбекқор болған. 1959 жылы Көкдөнен ауылына келін болып түсіп, жолдасы Шымшықов Кенжебек Қамшыбекұлы екеуі 3 ұл, 5 қызды тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздарының барлығы да өздері қалаған мамандық иегері атанды. Өмір болған соң, онда қуаныш пен қатар қайғының да жүретіні заңдылық. Бейсекүл апаның жолдасы Кенжебек ақсақал 2006 жылы 67 жасында өмірден озған екен. Бейсекүл апаның айтуынша, жолдасы Кенжебек ақсақал екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, қиыншылықты да, жақсылықты да бірге көріпті. Қит етсе ажырасуға дайын тұратын жас келіндерге Бейсекүл апаның өмір жолы үлгі болса екен дейміз.
«Ленин» совхозы дүркіреп тұрған тұста қызылша қосынында жұмыс істеп, нәпақасын адал термен тапқан Бейсекүл апа жолдасы Кенжебек ақсақалдың да ауылға сыйлы азамат болғанын айтады. Кенжебек ақсақалға заманында «Социалистік Еңбек ері» атағы да беріліпті. Осының бәрі ненің арқасы? Әрине, әуелі адал еңбектің, содан соң отбасы татулығының арқасы.
Қазір бәрі бар. Бес арқан кірді айналасы екі сағаттың ішінде «стиральный машинаңыз» жуып тастайды. От жағып, тамақ істейтін кезеңдер де артта қалды. Тезекке нан пісіретін де келін жоқ-ау қазір. Болса да, мүлде аз. Ал, біз атаған тірліктердің барлығын Бейсекүл апа және оның замандастары қолмен істеген. Сондықтан олар үшін еңбек деген сөз әркез құнды.
Әдемі қартаюдың үлгісін Бейсекүл апамнан көрдім. Өйткені, ол бәзбіреулер секілді біреудің үстінен арыз жазып, ауылдың әкімін жамандап, ауданға шапқылап жүрген адам емес. Көршімен тату. Үйіне адам келсе, мейлі ол бейтаныс болсын, жайдары көңіл-күймен қарсы алады. Ұл-қыздарына ақылын айтып отыратын қамқор ана, немере-шөберелеріне ертегі айтып беретін асыл әже. Міне біз көрген «Күміс» және «Алтын алқа» иегері, Көкдөнен ауылында тұратын Бейсекүл апа осындай жан. Бейсекүл апа Кенжебек ақсақал екеуі тәрбиелеп өсірген 3 ұл, 5 қыздан 22 немере, 21 шөбере сүйіп, ғибратты сөзімен ауылдың келіндеріне өнеге болып отырған ардақты Ана.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімі Ернар Есіркепов Көкдөнен ауылының тұрғыны, 81 жастағы Шымшықова Бейсекүл апаны мерекемен құттықтап, арнайы үйіне барды. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы құттықтау сөзін білдіріп, ақ жаулықты Бейсекүл апаның деніне саулық, отбасына амандық тіледі. Өз сөзінде Бейсекүл апа да бірауыз пікір білдіріп, аудан әкімі Ернар Есіркеповке қызметтік жолында тек абырой биігінен көрінуге ниеттес екенін жеткізді. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы Бейсекүл апаға ауданның «Құрметті ардагері» төсбелгісін табыс етті.
Марат Диханбай.