ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды
Жаңатұрмыс ауылындағы «Құлбарақ» шаруа қожалығы 1997 жылы құрылған. Жетекшісі Қадірбек Құлбарақов. 2014 жылдан бастап Төлеби Құлбарақов әкесі құрған шаруа қожалықта бригадир болып еңбек етіп келеді. Төлеби Құлбарақов шын мәнінде еңбекқор азамат. Оны біз былтыр да жазғанбыз. Сол кезде оның еңбегі ескеріліп, білікті бригадирге «Тұрар Рысқұлов ауданының ауылшаруашылығы және салалас ұйымдары жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жайлыбаев ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін табыс еткен болатын.
Еңбек еткен адам ешқашан ескерусіз қалмайды. Тек аянбай жұмыс жасай берсең болғаны. Төлебидің ұстанымы да сол. Ол қазақтың «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген ұлағатты сөзін жұқамыр жүрегіне мықтап сақтап алған. Қазіргі таңда «Құлбарақ» шаруа қожалығында 17 адам тұрақты жұмыс істейді. Жаз мезгілінде жұмысшылар қосынының саны 25-ке дейін артады екен. Ауылшаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан аталмыш шаруа қожалықтың бригадирі Төлеби Құлбарақов тек шебер үйлестіруші ғана емес, ұжымдастарына да сыйлы азамат.
Жақында Төлеби Құлбарақовтың еңбегі тағы да ескерілді. Оған ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі берілген екен. Осы төсбелгіні Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Тұрар Рысқұлов ауданының ауылшаруашылығы және салалас ұйымдары жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жайлыбаев аталмыш төсбелгіні Жаңатұрмыс ауылына арнайы барып, Төлеби Құлбарақовтың кеудесіне тақты. Өз сөзінде Төлеби Құлбарақов та атқарған еңбегінің лайықты бағаланғанына дән риза болып, ризашылығын білдірді.
М.Аятберген.
