Жырмен өрілген кеш, әнмен әрленген әсер
Сәрсенбі күні ауданымызда руханият пен өнердің тамаша тоғысқан ерекше
кеші өтті. Аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздарының
ұйымдастыруымен өткен поэзия кеші көптің жүрегінен орын алды.
Кешке аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, аудандық ардагерлер
Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов бастаған ел ағалары мен ауыл
тұрғындары қатысты. Жырмен сусындап, әнмен тербелген кеште көрермен
қауым шынайы рухани ләззат алды.
Сахна төрінде Абай Құнанбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Шәмші
Қалдаяқовтың, сондай-ақ, ұлт жүрегінен орын алған сазгер Нұрғиса
Тілендиевтің шығармалары жаңаша тыныспен орындалып, көпшілікке ерекше
әсер сыйлады.
Әдебиет пен өнерді тоғыстырған кеш – тек бір сәттік қуаныш емес, бұл –
ұлттық құндылықтарға деген құрметтің белгісі.
Осындай көркем кешті ұйымдастырып, көрерменге шынайы эмоция мен
рухани азық сыйлаған барша өнерпаздар мен ұйымдастырушыларға шексіз
алғысымызды білдіреміз!
«Құлан таңы» ақпарат.
