СОТҚА ҚҰРМЕТ ТАНЫТПАҒАНЫ ҮШІН ЖАЗАЛАНДЫ
Тұрар Рысқұлов аудандық сотында сотқа құрметтемеушілік таныту фактісі бойынша азамат В.-ға қатысты іс қаралды (ӘҚБтК-нің 653-бабы 1-бөлігі бойынша).
Азамат В. қарыз бен моральдық зиянды өндіріп алу туралы азаматтық іс бойынша талап қоюшы бола отырып, іс бойынша жауапкердің сөзін бөліп, өндірістің қалыпты жүруіне кедергі келтіріп, жауапкердің түсініктемелеріне өзінің наразылығын агрессивті түрде білдірді.
Сот процесі аяқталғаннан кейін және аудио-бейне жазу жүйесі өшірілгеннен кейін В. жауапкердің атына жағымсыз сөздерді айтуды жалғастырды. Судьяның бірнеше рет жасаған ескертулеріне мән бермей, сот ғимаратында дауысын көтерді. Осыған байланысты аға сот приставы ӘҚБтК-нің 653-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасаған.
Сотта құқық бұзушы кінәсін ішінара мойындап, кешірім сұрап, соттан оны жазаламауды сұрады.
Кінә әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, тараптардың айғақтарымен және әкімшілік істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
ӘҚБтК-нің 653-бабының 1-бөлігінің санкциясы ескертуді немесе 20 АЕК айыппұл салуды немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуды көздейді.
Сот қаулысымен В. ӘҚБтК-нің 653-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде 78 640 теңге айыппұл тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
«ҚҰЛАН ТАҢЫ» АҚПАРАТ.
