Аудан әкімі Қоғамдық қабылдау өткізді

282 Views

Кеше аудан әкімі Ернар Есіркепов қоғамдық қабылдау өткізіп, қабылдауға жазылған тұрғындардың мәселелеріне құлақ түрді. Қоғамдық қабылдауға жазылған аудан тұрғындары әр түрлі мәселелерді көтерді. Айталық, Көкдөнен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрбоз Ағыбаев бастаған осы ауылдың бірқатар азаматтары «Көкдөнен ауылына салынатын спорт кешенінің құрылысы нақты қашан басталады?» және «Ауылдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектебіне келесі жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілеме?» – деген сауалдармен қайырылды. Бұл сұраққа аудан басшысы Ернар Серікәліұлы нақты мысалдармен жауап беріп, Көкдөнен ауылына салынатын спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттары жасалғанын және республикалық бюджеттен қолдау тапса, ол міндетті түрде салынатынын жеткізді. Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі де дәл солай. Жобалық-сметалық құжаттары дайын. Тұрғындарды бұйыртса алдағы уақытта бұл мәселе де өз шешімін табады деп сендірді. Аудан әкіміне Тереңөзек ауылының тұрғыны да «Ауылға спорт кешені қашан салынады?» деген сауалды қойды. Бұл сауалға да аудан басшысы тәптіштеп жауап берді. Тереңөзек ауылына да салынатын спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Республикалық бюджеттен қолдау тапса, ол да міндетті түрде салынатынын айтты.
Одан бөлек те қоғамдық қабылдауда жер, баспана мәселесі секілді бірқатар сауалдар қойылды. Қоғамдық қабылдауға жазылған әрбір тұрғынның өтініш-тілегін мұқият тыңдаған аудан басшысы Ернар Серікәліұлы барлық сауалдарға нақты мысалдармен жауап беріп, шешілуі тиіс мәселелер бойынша тиісті мекеме басшыларына тапсырма жүктеді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: