«Аяна и Б» бөбекжай – бақшасындағы ілкімді шара
«Аяна и Б» бөбекжай – бақшасында аудандық аналар кеңесінің қолдауымен «Кітап – алтын қазынам» атты шеберлік сынып сағаты өтті. Іс-шара «Адал азамат – біртұтас тәрбие» ұстанымдарына сәйкес, адамгершілік қасиеттерді бала бойына сіңіріп, олардың ақыл-ой өрісін дамытып, ұстаздарын құрметтеп, еңбекті бағалай білуге тәрбиелеу, сондай-ақ, кітапты сүюге, ғибрат сөздерден үлгі-өнеге алуға, кітапты құрметтеуге баулу мақсатында өтті.
«Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында күз мезгілінің көрінісін, күзгі жәрмеңкемен және ата-анамен бірлесе жасалған «Кітап – алтын қазынам» атты қолөнер жұмыстары бізді ерекше тәнті етті. Бүгінгі таңда барлық адамзат алдында тұрған басты мақсат – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Ал ұрпақ білімді қайдан алады? Әрине – кітаптан. Кітап – білімнің күн шуағы десек, «Ізденсем, білсем» деген балаға кітаптың есігі әрқашан да ашық. Ата-бабамыз кітапты ерекше ақылшы, ұстаз санаған. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген қанатты сөз қалдырған. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп Абай Құнанбайұлы айтпақшы, адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Кітап адам баласына бала кезінен бастап өмірінің соңына дейін сырлас дос бола алады.
«Кітапхана» ғажайыптар әлеміне саяхат арқылы «Көгершін» ересек тобының тәрбиеленушілері кітапханаға саяхат жасап, кітапханада сақталатын ішкі тәртіп ережелерін сақтау арқылы үш топқа бөлініп, сумен тәжірибе жасап, өз қиялдарынан ертегі құрастырып, өсімдіктер әлемін шолып, өскіннің қалай өсіп шығатынын біліп қайтты.
Жасанды интеллект мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда балалардың жеке білім қажеттіліктеріне бейімделген оқу тәжірибесін жасауға көмектесе алады. Балаларға оқуды қызықты әзірлейтін интерактивті ойындар мен іс-әрекеттер ұсына алады. Балалардың күшті және әлсіз жақтарын да анықтауға көмектесе алады. Тәрбиешілерге оқытуды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін жобалық нұсқада «Қызық екен» интеллектуалдық ойынын тапсырмалар орындап, бүлдіршіндеріміз интерактивті панель арқылы орындап шықты. Нәтижесінде жеңіске жеткен топ өз жинаған қаражаттарына қаржылық сауаттылықтарын арттыру арқылы дүкеннен кітап сатып алды.
Тәрбиешілеріміз ақын- жазушылардың рөлін сомдап, бірі Ыбырай Алтынсарин атамыздың өлеңін оқыса, бірі Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұзафар Әлімбаев аталарымыздың өлеңдерін мәнерлеп оқып, өз өнерлерін тағы бір қырларынан көрсетті. Шара соңында бүлдіршіндеріміз келген қонақтарға ән-би шашуларын тарту етіп, семинарымызды қорытындылады. Қорытындылай келе кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі екенін ұғындық.
Бақыт Мырзалиева,
аудандық аналар кеңесінің мүшесі.
