Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
53 ViewsТ.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген…
Жақында Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінде аймақ кітапханашыларымен бірлесе отырып «Бекқұлы Әліұлы – халық құрметіне бөленген тұлға» атты дәріптеу сағаты өтті. Кітапханашы Ғ.Алимова Бекқұлы Әліұлының туып өскен ортасы, қызмет жолы, елге сіңірген еңбегі туралы кеңінен сөз қозғады. Халықтың игілігі үшін еңбек еткен абзал азаматтар уақыт өткен сайын ұрпақ санасында биіктеп, ел құрметіне бөлене береді. Өзінің өмір жолын елге қызмет етуге арнаған, парасатымен де, адамгершілік болмысымен де халық құрметіне бөленген ақсақалдың бірі – Бекқұлы Әліұлы дей аламыз.
Бекқұлы Әліұлы 1944 жылдың 23 ақпанында Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Бекқұлы Әліұлы қазақы тәрбиемен өскен, салт-дәстүрді қадір тұтқан отбасында дүниеге келіп, жастайынан еңбек пен адалдықты өмірлік қағида етіп ұстанды. Әке-шешесінің парасатты тәлім-тәрбиесі оның мінез-құлқын қалыптастырып, ол жастайынан көпшіл әрі жұртқа қамқор болып өсті. Ауылдағы еңбекке ерте араласуы, үлкенді сыйлап, кішіні аялауы – оның адам ретіндегі кемелдігін айқындаған қасиеттердің бірі. Туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігі мен азаматтық жауапкершілігі кейінгі өмір жолына бағыт-бағдар болды.
Бекқұлы Әліұлы еңбек жолын қарапайым қызметтен бастағанымен, қай салада жүрсе де, әр істі үлкен жауапкершілікпен атқарды. Оның жұмыстағы талапшылдығы, әділдігі мен іскерлігі әріптестеріне үлгі болып, қоғамдық мәселелерге белсенді араласуына себеп болды. Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, мәдени-рухани өмірін жандандыруға атсалысуы – оның елдігімізді бекіте түсуге қосқан бағалы еңбектерінің бірі. Көпшілік көкейіндегі мәселені дер кезінде көтеріп, оны шешуде нақты әрекет жасай білуіде көпшілігімізге үлгі.
Ғылыми және қоғамдық қызметі – өлкетанушы, тарихшы, зерттеуші. Бекқұлы Әліұлы Жамбыл облысының өлке тарихына ерекше мән береді.Өзі «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Осы ұйым арқылы Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық жауынгерлердің тарихын зерделеп, олардың есімдерін табуға белсенді атсалысып жүр. 2020 жылы «Парыз» атты кітабы жарық көрген. Бұл еңбекте Бекқұлы Әліұлы 1981 жылдан бастап зерттеу жүргізіп, ҰОС кезіндегі азаматтар жайлы тың деректер жинаған. Ол тарихи-танымдық экспедицияларға қатысады. Мысалы Жамбыл облысының 80 жылдығына орай ұйымдастырылған экспедицияда Қарақыстақ шатқалының тарихи орындарын зерттеген. Бекқұлы Әліұлы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін іздеп табуда үлкен еңбек сіңірген. Ресей мен Беларусь жерлерінде болып, жауынгерлердің зираттары мен архивтеріне қатынасып, ресми деректер мен құжаттар жинаған. Мысалы Курск түбіндегі шайқас жайлы зерттеулерде ол Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің ерлігін жарыққа шығарған. «Тарихты зерделеген қария» атты мақалада жазылғандай, оның еңбегі арқылы бұрын ресми статистикада аты аталмаған немесе аз атап өтілген жауынгерлердің есімдерін анықтау мүмкін болған. Ол батыр Амантай Дәулетбеков туралы да зерттеу жүргізген.
Бекқұлы Әліұлы өзінің «Парыз» кітабы арқылы жастарға патриоттық пен тарихи жадыны жеткізуге күш салды. «Ұстамы биік, ұстазы көп – Әлілер отбасы» атты мақалада оның отбасы және тәрбиелік әсері туралы кеңінен айтылады. Бекқұлы Әліұлы «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы», «Үздік өлкетанушы» төсбелгісін, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін, Тұрар Рысқұлов ауданының «Құрметті азаматы» деген атақты да иеленген.
Іс-шараға Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Серікбай Берікқожаұлы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпысбай Оразбаев және билер кеңесінің төрағасы Серібай Момынжанов қатысып, Бекқұлы ақсақалдың адамгершілігі, елге жасаған жақсылығы және өнегелі өмірі туралы сөз сөйледі. Кітапхананың тұрақты оқырмандары Ержан Байтаков пен Мөлдір Құралбайдың орындауында ән айтылды. Іңкәр Тоғанбай, Қазыбек Жексен «Отан» туралы өлеңдерін нақышына келтіріп айтты. Қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылды. Аймақ кітапханашылар атынан Бекқұлы атамызға сый құрмет көрсетілді.
Ғ.Алимова,
Қарақыстақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы