ҚҰЛАНДА тағы бір ЖАҢА СУ ИМАРАТЫ халық игілігіне берілді
ҚҰЛАНДА тағы бір ЖАҢА СУ ИМАРАТЫ
халық игілігіне берілді
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабында су имаратының ашылу салтанаты өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ернар Сәбитбекұлы және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аталған жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық нысан болып табылады. Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асқан жоба нәтижесінде «Арай» тұрғын үй алқабында заманауи сумен қамту жүйесі толықтай іске қосылды.
Жаңа су имараты аумағында сыйымдылығы 500 текше метрлік екі резервуар, су сорғыш станса, ультракүлгін сәулелері арқылы залалсыздандыру ғимараты және 25 текше метрлік су кернеуіш мұнара орнатылған. Бұл жүйе тұрғындарды тұрақты әрі қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Су имаратының құрылысын «Sat Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жобаның жалпы құны 559,5 миллион теңгені құрап, оған қажетті инвестиция тартылды.
Жаңа су имаратының пайдалануға берілуі «Арай» тұрғын үй алқабының әлеуметтік дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға оң әсерін тигізбек.
Бүгінгі күнге дейін 20 мыңнан астам тұрғыны бар Құлан ауылында тек бір ауыз су имараты жұмыс істеп келген. Сол себептен, әсіресе жаз айларында тұрғындарда су тапшылығы байқалатын. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің бастамасымен іске қосылған жаңа су имараты бұл мәселені толық шешіп, тұрғындарды тұрақты түрде таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ақжарқын Мұратбек.
