Өмірден ерте кеткен ер Ертай…
52 ViewsЖауын Ертай Ернарұлы. Бұл есімді менің білгеніме 2-3 жылдың жүзі болды. Ертайдың өмірі қысқа болды. Ол әрине ауырып сыздаған жоқ. Мектепте де үздік оқушылардың…
Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп
Кеше аудан әкімінің халықпен кездесу жиыны Құмарық ауылында да өтті. Құмарық ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесу жиынына аталмыш ауылдық округке қарасты Қаракемер мен Алғабас ауылдарының тұрғындары да қатысты.
Жиында аудан әкімі Ернар Есіркепов барлық салаларда атқарылып жатқан аудан аумағындағы оңды істерді саралап, жан-жақты мысалдар арқылы түсіндіріп баяндап берді. Әсіресе инвестиция тарту, кәсіпкерлік бағытында ауданда ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар жасалып жатқанын баса назар аударып айтты. Оның ішінде «Сарым» шаруа қожалығының Құмарық ауылындағы тау бөктерінен салып жатқан арнайы демалыс аймағын да аудан басшысы назарға салып атап өтті. Аудан әкімінің сөзінен бұдан бөлек те қыруар шаруалар атқарылып жатқанын көпшілік естіді және оған іштей қуанды да. Өйткені жасалып жатқан тірліктердің басым бөлігі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бастамалар еді.
Осыдан бірнеше жылдар бұрын Құмарық ауылдық округінің тұрғындары ауданда бірінші болып халықтың тұрмысын жақсарту бағытындағы пилоттық жобаның мүмкіндігін пайдаланған болатын. Кейіннен Жамбыл облысындағы осы бірегей жоба күллі республикаға үлгі болып, оның атауы «Ауыл аманаты» деп аталып, бұл бағдарлама бойынша көптеген адамдардың тірліктері алға озған болатын. Бұның бәрі әрине мемлекеттің тікелей қолдауының арқасында іске асырылды. Соны дұрыстап түсінген жөн. Қаншама жерге сапарлап барып жүрміз. Еліміздегі өзге облыстардың кейбір ауыл-аймақтарына қарағанда біздің аудандағы ауылдардың жағдайы көш ілгері деп нық сеніммен айтуға болады.
Оған осы Құмарықты айтсақ та жеткілікті. Айталық, Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы орта мектебі де біраз жылдар бұрын күрделі жөндеуден өтті. Құмарықта шағын футбол алаңы да бар. Ауылішілік көшелерге де асфальттар төселген. Ауыл кіребесіндегі арка деп жатамыз, ол да былтыр мемлекет есебінен қаржыландырылып, жөнделді. Құмарықта балалар бақшасы бар. Ауылдық округтегі көшелерге де жарықшамдар орнатылған. Округке қарасты Алғабас ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Былтыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Құмарық пен Алғабас ауылдарындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне қойылған ескерткіштер қайта жаңғыртылып, олардың аумағы абаттандырылды. 1990-шы жылдары жарықсыз да отырды жұртшылық. Көбісінің есінде болар. Ол кездерде артты қалды мінеки. Барлығы рет-ретімен шешіледі. Ең бастысы – бірлік. Бірлік бар жерде әрқашан тірлік болатынын ұмытпағанымыз абзал.
Негізінен жалпы бүгінгі таңда аудандағы 352 көшенің 311 көшесі жарықтандырылған, яғни 88,3 пайыз, аудандық автомобиль жолдарының қанағаттанарлық деңгейі 98 пайыз, ішкі жолдардың қанағаттанарлық деңгейі 87 пайыз, ауылдарды газбен қамту үлесі халық санына шаққанда 99,4 пайыз, аудандағы 42 елді мекен өткен жылдың қорытындысымен толық 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып отыр. Ол дегеніңіз – үлкен тірліктер жасалды деген сөз. Елде бірлік пен береке болса, бұл тірліктер жылдан-жылға өз жалғасын таба беретіні сөзсіз.
Жиын соңында ауылдық округ тұрғындары таудан келетін ағын судың жайын, одан бөлек те ірілі-ұсақты мәселелерді көтеріп сауалдар қойды. Аудан басшысы кез келген мәселеде ашықтық қағидатын ұстанатынын білдіріп, көпшілікпен әрқашан бірлесе жұмыс жасауға дайын екенін айтты. Қайталап жазған артықтық етпес. Бастысы береке мен татулық болса болғаны!
Марат Диханбай.