Нұрдәулет – турнир жеңімпазы

995 Views

Нұрдәулет – турнир жеңімпазы

Жуырда Маңғыстау өңірінде жасөспірімдер арасында еркін күрестен Ақтау қаласының 55 жылдығы мен қоса ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Магомед Расуловты еске алуға арналған республикалық ашық турнир болып өтті. IX мәрте ұйымдастырылып отырған аталмыш турнирге Қазақстанның әр өңірлерінен өзге Дағыстан мен Өзбекстан елдерінің жасөспірім балуандары да қатысты. Каспий жағасында орналасқан курортты қаладағы бәсірелі жарыста Мәди Абиловтан тәлім алатын Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің 6 сынып оқушысы Нұрдәулет Бекмұханбет те бақ сынаған еді. 38 келі салмақ дәрежесінде белдескен жаңатұрмыстық өреннің өнерін жанкүйерлер жоғары бағалапты. Ол осы турнирде 6 кездесу өткізіп, барлық қарсыласынан айласын асыра білді. Нұрдәулет жартылай финалда 38 келіде жасөспірімдер арасында Өзбекстанда қарсылас шақ келтірмей жүрген Муратжон Юлдашевпен кездескен. Қанша мықты болса да, Муратжон біздің Нұрдәулеттен соқыр ұпай ала алған жоқ. Есеп 4:0. Ал ақтық кезеңде дағыстандық Аликбер Тагировты 5:3 есебімен ұтып, жасөспірім балуанымыз турнирдің жеңімпазы атанды. Айта кетейік, бүгінгі таңда Мәди Абиловтың қол астында 60-қа жуық жасөспірім балуан жаттығу үстінде.

  Ел біріншілігінен қола жүлдемен оралды

Жуырда 2003-2004 жылғы жасөспірім ұлдар арасында волейболдан Павлодар қаласында ел чемпионаты өткен болатын. Осы айтулы біріншілікте облыс намысын қорғаған «Тараз» командасы үздік үштікке еніп, жарыстың қола жүлдегері атанды.

Қазақстан біріншілігінде тараздықтар сапында өзіндік ойын өрнегімен дараланған Нұргелді Әлібек біздің ауданның тумасы. Ол Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Ахмет Молдашевтан тәлім алған. Нұргелді әлі жас спортшы. Сондықтан, бапкерлер оның болашағынан зор үміт күтіп отыр.  

5 оқушымыз спорт шеберіне үміткер

№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ұлжан Мұраталиеваның шәкірттері Мая Тұрсыналы, Әсем Алқадыр, Жасмина Наурызбай, ағайынды Амина және Алия Әлилер таяуда тоғызқұмалақтан Тараз қаласында өткен командалық чемпионатта топ жарды. Зор мақтанышпен айта кетерлігі, жасөспірім қыздар жай жеңімпаз атанып қана қойған жоқ. Барлығы да қазақтың ұлттық ойыны саналатын тоғызқұмалақтан «Спорт шеберіне үміткер» деген атаққа ие болды. Дәл осындай жетістік ауданымызда бұрын-соңды болмаған екен. Ендеше, жасөспірімдерді спортқа баулып, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына айтарлықтай үлес қосып жүрген еңбекқор жаттықтырушы Ұлжан Мұраталиева мен оның шәкірттеріне әрқашан сәттілік жолдас болсын дейміз.

Топтаманы дайындаған

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: