Музыканың әлемі – Төлебаев мектебі!
129 ViewsӨткен сенбіде Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы өздерінің 50 жылдық мерейтойларын атап өтті. «Шығармашылық пен еңбектің жарты ғасыры» деген тақырыпта өткен Мэлс…
Ұстаз – Қаратаудың қойнауындай тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылым жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық қызмет – табиғат дарытқан құдіретті қасиет. Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық сәуле, мұқалмас жігер беріп, өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп, төрге сүйрейтін де осы – ұстаздық қасиет.
Жақында Жақсылық ауылындағы Қызылпан Сұлтанбековтей айтулы ұстаздың есімін иеленген білім ордасында «Қалдырған ізің мәңгілік» тақырыбында тағылымы мол, мазмұнды іс-шара өткізілген болатын. Аталмыш шарада ауыл мектебі ашылғалы бері қызмет еткен, ауыл балаларына білім беріп, шәкірт тәрбиелеуде уақытпен санаспай еңбек еткен, саналы ғұмырын осы салаға арнаған, өмірден озған 38 аяулы ұстаздың есімдері ұлықталды. Еске алу шарасына ол кісілердің ұрпақтары мен шәкірттері, қызметтес болған әріптестері, көзін көрген ардагер ұстаздар, ауыл ақсақалдары шақырылып, әрқайсысы жылы естеліктерімен бөлісті. Мектеп тарихында елеулі еңбек еткен ұлағатты ұстаздар Қызылпан Сұлтанбеков, Абаш Үдербаев, Қарақойшы Нұрсейтов, Сейтжапар Иманбеков, Қажей Жамшитов, Ғазиз Жұмабеков, Жанықұл Әбішев, Тұрар Бағылбеков, Бейсен Асылбеков, Әсия Құбашева, Биғазы Бәзілбаев, Пойызбай Мамырбаев, Нәсіп Өтешова, Қазықбай Айнакеев, Сайлау Әкімбеков, Кенжекүл Садуақасова, Ұлбике Ыстыбаева, Қожахмет Қашқынбаев, Бүбікүл Қазыбаева, Кәдірбай Сүлейменов, Күлхатша Байжанова, Егенберді Шайхысламов, Қырғызбай Бақбергенов, Тұрсын Сейдмашов, Күлсін Мамықова, Жұмакүл Қазтаева, Әйткен Әбішов, Үрзат Әлімбекова, Самиға Есмұратова, Әбен Баймағанбетов, Амангелді Шүкірбаев, Хамзакүл Шаймырзаева, Медет Бағылбеков, Базаркүл Кішкентаева, Айнаш Бәзілбаева, Айнаш Өмірбекова, Света Көпбаева, Қанат Есболов. Бұл кісілердің қай-қайсысы да терең білімімен, жоғары үлгі-өнегесімен, тынымсыз еңбегімен, көркем мінезімен, адами болмысымен, бойындағы өнерімен ерекшеленіп, ел есінде қалған тұлғасы биік жандар десек, артық айтқандық емес.
Осындай тәрбиелік құндылығы жоғары кездесуді ұйымдастыру туралы бастама көтерген осы мектептің бұрынғы басшысы, білім беру ісінің үздігі, білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Әнуарбек Тұрманбетов ағайымыз. Әнуарбек Мұханбетұлы әрбір тұлғаның өмірі мен қызметі туралы мазмұнды баяндама жасап, жиналған қауымға ақпарат берді. Мектептің жас өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, ұстаз туралы өлең шумақтарын шабыттана оқыды.
Өмір – өз өнегесімен өлшенеді. Адам өмірінің өлшемі — өмір сүрген күндерімен, жылдарымен емес, ғұмырындағы мәнді тірлігімен, елге тигізген пайдасымен, өнегелі істерімен өлшенетіні анық. Бұл шараның педагогикалық ұжым үшін де, оқушылар үшін де ұғындырар ұлағаты мол болды. Ұжым мүшелері тарихы терең, өзіндік сара жолы бар білім ордасында еңбек етіп жүргендерін мақтан тұтар, өскелең ұрпақ өткенге көз жүгіртіп, болашаққа жауапты екенін түйсінер кездесу кеші көңілге керемет әсер қалдырды. Ауылда білім мен өнердің, мәдениет пен өркениеттің жаршысы болған ардақты ұстаздардың елге еткен еңбегі, жарқын бейнесі жадымызда жасай беретіні сөзсіз. Кездесу соңында ауыл мешітінің асханасында бақилық болған аяулы ұстаздардың рухына арнап, Құран оқылып, ас берілді.
Дина Аденова,
Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.