47 Views
Луговойдағы жүйелі жұмыстар жалғасады
Кеше Луговой ауылдық округінде аудан әкімі Ернар Есіркеповтің тұрғындармен кезекті кездесуі өтті. Жиын барысында өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы уақытқа жоспарланған міндеттер кеңінен таныстырылды.
Кездесу барысында бұған дейінгі басқосуларда көтерілген мәселелердің орындалу барысы да сараланды. Мәселен, былтыр тұрғындар тарапынан көтерілген 8 мәселе бойынша нақты іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның басым бөлігі өз шешімін тапқан. Атап айтар болсақ, ауылдық емханадағы стационарлық бөлім жаңартылып, қызмет көрсету сапасы жақсарған. Сондай-ақ, диспансерлік есепте тұрған азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі де ретке келтірілген. Одан бөлек, электр желілерін реттеу, жаңа тұрғын үй алқаптарын көше жарығымен қамту сынды жұмыстар жүргізілген.
Ал әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттар бойынша жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, Максим Горький атындағы орта мектептің маңынан шағын футбол алаңы пайдалануға берілген. Сонымен қатар, Қанат Әбіқұлов, Ақжол, Т.Рысқұлов көшелері жарықтандырылған.
Жиын соңында аудан әкімі тұрғындармен ашық пікір алмасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тұрғындар тарапынан суағарларды реттеу, электр жарығы, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, әскери қалашыққа барар жолды жөндеу сынды маңызды мәселелер көтерілді. Аудан басшысы көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, тиісті жұмыстар жалғасатынын атап өтіп, тұрғындарды жеке де қабылдады.
Қабылдау жұмыстары аяқтала салысымен аудан әкімі Ернар Есіркепов тұрғындардың өтініші бойынша ауылды аралап, бірқатар мәселелермен жақын танысты.
Жәнібек Сұлтан.
Поделиться ссылкой: