13 Views
Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті 50-ші сессиясы өтті. Аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліповтің төрағалығымен өткен кезекті сессия отырысына аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия отырысында 3 мәселе қаралды. Оның алғашқысы – аудан көлеміндегі кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы атқарылған жұмыстар болса, екіншісі – аудандық электр желілерін тарату мекемесінің тұтынушыларға электр қуатын таратудағы атқарып жатқан жүйелі жұмыстар, ал үшіншісі – аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің Қазақстан Республикасы «Жер кодексі» негізінде жер ресурстарын заңды және жеке тұлғаларға заңдастырып беру туралы мәселелер сараланып, күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша тиісті бөлім және мекеме басшылары баяндама жасады.
Айталық, күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Жылқыбай Жұмағалиұлы бұл сессия отырысында өткен жылы инвестиция тарту бағытында ауданда ауқымды тірліктер атқарылғанын сөз етті. Ал екінші мәселе бойынша мінбеге екінші болып көтерілген аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Назигүл Шаймұратқызы тұтынушыларға электр қуатын таратуда оңды тірліктер жасалып жатқанымен қоса, әлі де бірқатар мәселелер өзекті болып отырғандығын жасырмай айтты. Ол өз сөзінде әбден тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері бағаналарын бір жылда ауыстыру мүмкін емес екендігін назарға салып, әр ауылдық округке жоспар тізілгенін, сол жоспар бойынша жыл сайын рет-ретімен шешілетінін айтты.
Одан кейін үшінші мәселе бойынша аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұханбет Жанаділов мінбеге шығып, баяндама жасады. Әр баяндамашыны мұқият тыңдаған аудандық мәслихат депутаттары үнсіз қалмай, сұрақтар да қойып отырды. Мәселен, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Абақұлы аудан орталығы мен ауданнан шалғай жатқан ауыл аймақтарда нан бағасының әр түрлілігін қозғап, мәселе көтерді. Ол сауалға Жылқыбай Жұмағалиұлы баға тұрақты бақылауда екенін жеткізді. Одан бөлек те аудандық мәслихат депутаттары Талғат Таттыхожаев, Тұрсынбек Досаев және Сұлукүл Дәлібаевалар кәсіп ашқысы келетін жастардың жер таба алмай дал болып жүргендігін, ауылдық жерлердегі электр бағаналарының ескіргенін және қайтарымсыз грант алып жатқан жандардың мемлекетке тигізіп жатқан қайтарымы төңірегіндегі мәселелерді қозғады. Әрбір қойылған сұрақтар жауапсыз қалмай, баяндамашылар оларға нақты әрі дәйекті мысалдармен жауаптар қайырды.
Сессия отырысында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы да бірқатар мәселелерге пікір білдіріп, өз ұсыныстарын айтты. Аудандық мәслихаттың кезекті 50-ші сессиясын Ербол Абақұлы қорытындылап, әрбір істе бірлесіп еңбек етсек, жұмыла көтерген жүктің әрқашан жеңіл болатынын атап өтті.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: