Джиу-джитсу спортының жарқын жұлдызы

15 Views

Қазақ халқы ежелден «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» деп батырлық пен қайсарлықты қастерлеген. Бүгінде сол асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, халықаралық ареналарда көк Туымызды желбіретіп жүрген спортшылардың бірі – Нұрсұлтан Дүйсенқұлов. Ол джиу-джитсу спортынан Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, Азия мен әлемдік деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген дарынды спортшы. Нұрсұлтан Дүйсенқұлов 1997 жылдың 25 маусымында Сәлімбай ауылында дүниеге келген. Туған жердің қасиетті топырағы мен ұлттық тәрбие оның бойында еңбекқорлық, табандылық және елжандылық қасиеттерді қалыптастырды. Ауылда өскен жас өрен бала кезінен спортқа қызығушылық танытып, өз бойындағы күш-жігерін шыңдауға ұмтылды. «Талапты ерге нұр жауар» дейді дана халқымыз. Нұрсұлтан Дүйсенқұлов жас күнінен алдына үлкен мақсат қойып, спорт әлемінде өзін дәлелдеуге бар күш-жігерін жұмсады. Тынымсыз жаттығу мен қажырлы еңбектің арқасында ол джиу-джитсу спортының қыр-сырын жетік меңгеріп, республикалық жарыстарда үздіктер қатарынан көріне бастады. Оның әрбір жеңісі жаңа белестерге жол ашып, нәтижесінде Қазақстан ұлттық құрамасының қатарынан орын алуына мүмкіндік берді. Бүгінде Нұрсұлтан Дүйсенқұлов Қазақстанның джиу-джитсу спорты бойынша ұлттық құрамасының белді мүшелерінің бірі ретінде танылып отыр.
Нұрсұлтан Бақытұлының спорттық мансабындағы ең жарқын жетістіктердің бірі – 2025 жылы Иордания астанасы Амман қаласында өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатындағы жеңісі болды. Аталған дүбірлі додада ол Fighting бағыты бойынша 77 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, барлық қарсыластарынан басым түсіп, Азия чемпионы атанды. Бұл жеңіс – тек спортшының жеке жетістігі ғана емес, күллі қазақ спортының мерейін үстем еткен тарихи табыс болды. Азия чемпионатының алтын медалі Нұрсұлтан Бақытұлының халықаралық аренадағы беделін арттырып қана қойған жоқ, сонымен бірге оның әлемдік деңгейдегі спортшы екендігін дәлелдеді. Бұл жеңіс жылдар бойы төгілген тер мен табанды еңбектің заңды жемісі еді. Спорттағы табыстарымен қатар Нұрсұлтан Бақытұлы ұйымдастырушылық қызметте де өзін көрсете білді. Ол Астана қалалық джиу-джитсу федерациясының атқарушы директоры қызметін атқарып, спорттың осы түрінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Федерация жұмысына белсенді араласып, жас спортшылардың қалыптасуына жағдай жасап, олардың халықаралық деңгейде шыңдалуына күш жұмсауда. Спорт мамандары Нұрсұлтан Бақытұлын жоғары жауапкершілігімен, тәртіптілігімен және жеңіске деген ұмтылысымен ерекше бағалайды. Ол үшін жеңіс – тек жеке марапат емес, ел сенімін ақтау, Қазақстанның абыройын асқақтату. Сәлімбай ауылынан түлеп ұшқан азамат бүгінде туған өлкесінің мақтанышына айналды. Оның жетістіктері ауыл жастарына жігер беріп, үлкен армандарға жетуге шабыттандырады. Өйткені Нұрсұлтан Бақытұлының өмір жолы – табандылықтың, еңбекқорлықтың және мақсатқа адалдықтың жарқын үлгісі.
Мерей СЕЙСЕН,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2 курс студенті.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий