Бөлтірік шешеннің беймәлім нақыл сөздері

15 Views

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТАРИХЫНДАҒЫ ӘЛІ ДЕ ТОЛЫҚ ЗЕРТТЕЛІП, ҒЫЛЫМИ ТҰРҒЫДАН ЛАЙЫҚТЫ БАҒАСЫН АЛА ҚОЙМАҒАН КЕЗЕҢДЕРДІҢ
БІРІ – ХІХ ҒАСЫР ӘДЕБИЕТІ. ӘСІРЕСЕ, БҰРЫНҒЫ ҚОҚАН ХАНДЫҒЫНЫҢ ЫҚПАЛЫНДА БОЛҒАН ҚАЗЫҒҰРТ–ҚАРАТАУ ӨҢІРІНДЕГІ
ӘДЕБИ МЕКТЕП ӨКІЛДЕРІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАЛАРЫН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕСІ КҮНІ БҮГІНГЕ ДЕЙІН ТОЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕНГЕН
ЖОҚ. КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕГІ ТОТАЛИТАРЛЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТТЫҢ КӨПТЕГЕН САЛАЛАРЫН ЗЕРТТЕУГЕ МҮМКІНДІК
БЕРМЕЙ, ҚАЗАҚ РУХЫНЫҢ ІРІ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРІ САНАЛАТЫН ОҢТҮСТІК ӨҢІРДІҢ ӘДЕБИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРЫН ЖАН-ЖАҚТЫ
ҚАРАСТЫРУҒА КЕДЕРГІ КЕЛТІРДІ. «ДІН – АПИЫН» ҚАҒИДАСЫН ҰСТАНҒАН КЕҢЕСТІК САЯСАТ ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТАТЫН
ТАРИХИ ЖӘНЕ ӘДЕБИ ДЕРЕКТЕРДІҢ КЕҢІНЕН НАСИХАТТАЛУЫНА ЖОЛ БЕРМЕДІ.

Тәуелсіздік жылдарында қолға алынған ғылыми
зерттеулер әдеби мұралардың халқымыздың
рухани өміріндегі орнын айқындай түсті. Соған
қарамастан, әдеби қазыналарымыздың әлі де
толық жиналмағаны, зерттелмегені және ғылыми
айналымға енгізілмегені байқалады. Әдебиет
тарихын ХІХ ғасырдан бастап қарастырғанның
өзінде сол кезең мен ХХ ғасыр басындағы көптеген
шығармашылық тұлғалардың мұрасы толық
зерттеліп біткен жоқ. Қазығұрт пен Қаратау
аралығын мекендеген қазақ қауымының әдеби
мұрасы да осы қатарға жатады.
Атап айтқанда, Италмас, Сүйіндік, Кенжебай,
Қалыбай, Кейкі, Бәйімбет, Жылқыбай, Оңғарбай
шешендер, «Қара торғай» атанған Құрбанкүл
сынды сөз шеберлерінің есімдері бүгінгі
оқырманға кеңінен таныс емес. Сол сияқты молда
Мұса, молда Мәди, Өзбек, Қазанғап, Орынбай,
Асан, Жолбарыс тәрізді әдеби тұлғалардың
шығармашылық мұрасы да толық зерттелді деу
қиын. Майкөт, Құлыншақ, Мәделі, Нұралы сынды
ақындардың өмірбаяны мен әдеби мұрасы да терең
ғылыми талдауды қажет етеді. Әдеби мұралардың
уақытында жиналмауы, жүйеленбеуі және кей
жағдайда зерттеушілер назарынан тыс қалуы
көптеген рухани қазыналардың көмескі тартуына
себеп болды.
Бұл жағдай қазақ әдебиетінің тарихында әлі де
зерттеуді қажет ететін ақтаңдақтардың бар екенін
көрсетеді. Қазақтың шешендік өнері – ұлттық
руханияттың аса маңызды салаларының бірі.
Оның негізгі өкілдері халық арасынан шыққан
би-шешендер болды. Олар арнайы тағайындалған
лауазым иелері емес, өздерінің әділдігімен,
тапқырлығымен, шешендігімен және халық
сеніміне ие болған тұлғалар еді. Би-шешендердің
ел есінде сақталуының басты себебі – олардың әділ
төрелігі мен өміршең сөздері. Қазақ қоғамындағы
дәстүрлі билік жүйесі киіз үй құрылымымен
салыстырылып сипатталады. Мұнда кереге –
халықты, уық – билерді, ал шаңырақ – ханды
білдіреді. Бұл – қазақ қоғамының ішкі құрылымын
бейнелейтін терең философиялық тұжырым. Қазақ
халқының рухани өмірінде шешендік сөздердің,
діни термелердің және дастандардың тәрбиелік
маңызы ерекше болды. Оның айқын көрінісі –
жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Ордабасыда
өткен ұлы құрылтай. Сол жиында Төле, Қазыбек
және Әйтеке билердің халықты бірлікке шақырған
сөздері ел тағдырын шешкен маңызды рухани
құндылыққа айналды. «Береке бастауы – бірлік»
деген тұжырым қазақ қоғамының тұтастығын
сақтаудың басты қағидасы болды. Шешендік
өнердің ең маңызды қырларының бірі – әділ сөзге
тоқтау мәдениеті. Майқы биден бастау алған
шешендік дәстүр Төле би заманында кемелденіп,
кейінгі кезеңдерде де өз жалғасын тапты.
ХІХ ғасырда өмір сүрген Бөлтірік Әлменұлы
осы ұлы дәстүрдің көрнекті өкілдерінің бірі
болды. Оның шешендік мұрасы қазақ сөз өнерінің
үздік үлгілерінің қатарынан орын алады. Бөлтірік
шешеннің халық арасында кең таралған нақыл сөздерімен қатар, бүгінге дейін ғылыми айналымға
толық енбей келген тың мұралары да бар. Бұл
құнды деректер «Қазығұрт» ғылыми зерттеу
орталығының қолжазбалар қорында сақталған.
Нақыл сөздер бізге жәдидшіл-мүдәрис Әбді
Амантайұлының ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде
қағазға түсірген қолжазбалары арқылы жеткен.
Аталған мұралар қазақ шешендік өнерінің
байлығын, халық даналығының тереңдігін
және ұлттық дүниетанымның ерекшелігін
танытады. Бөлтірік шешеннің осы уақытқа дейін
көпшілікке беймәлім болып келген нақыл сөздері
халқымыздың рухани мұрасын толықтыра түсетін
құнды жәдігерлердің бірі болып табылады.
Төменде Бөлтірік Әлменұлының бұрын ғылыми
айналымда кеңінен жарияланбаған нақыл сөздері
ұсынылады.
1. Тіл – қоғам, сөз – жәрдем.
2. Сөйлеуші мыжың болса, тыңдаушы шыжың
болады.
3. Адамның көңілі – гүл.
4. Есіңе алсаң сақтарсың ескі асыңнан.
5. Жаманның көңілі – құрқылтайдың ұясындай.
6. Кішкене қатын асығыс, кішкене қазан
тасығыш.
7. Қайындаған күйеуден, қарғылаған тазы
артық.
8. Майға ерген дене азбайды, майлыға ерген ер
азбайды.
9. Мүйізгөгі бар інген қайымайды, дәулетке
асыққан жігіт байымайды.
10. Бітісі жаман қамысты, су ішінде өрт алар.
11. Жүрісі жаман жігітті, ел ішінде жау алар.
12. Қубас айғыр құлын талайды.
13. Жақсы айғырдың үйірін ат жақтайды,
қызды ауылды жігіт мақтайды.
14. Мен – мендіктің тобасы жүрмес, Аштың
ауы жүрмес.
15. Аман, Аман десе жаман.
16. Қазақ: қазақтың көрген күні азап, көшіп
жүрген жері ғажап.
17. Басты бұзған балта, мұрынды бұзған маңқа,
биді бұзған қалта.
18. Әркім қылар өзіне, сүйме сүйкер көзіне.
19. Іште қамау болғанша, сыртта талау болсын.
20. Бар жекжат қиянда болмасын, жоқ жекжат
жолыңда болмасын.
21. Төркінге сенгеннің төбесі жарық.
22. Қосылған озар, айырылған азар.
23. Бар әлінше, жоқ барынша.
24. Ғаріптің ісі қараңғыда.
25. Бай баласын қойдың құмалағын ішкізіп
жазады.
26. Сүйектің майы сүйекті қабады.
27. Тас түссе талайыңнан.
28. Бір деп білектен, екі деп етектен ұстаған соң.
29. Кенже қозы сүтпен теңеледі.
30. Өз ақылым ақыл – ақ, кісі ақылы – шоқырақ.
31. Енеңді Үшқорғаннан бір-ақ көрерсің.
32. Бүгінде жұрт аяғымен жүрмейді, аузымен
жүреді.
33. Ағайынды алтау едік, өле-өле жетеу болдық.
34. Құлдың тапқаны бидікі.
35. Шап-шап ат өлтіреді, сал-сал құс өлтіреді.
36. Қоңсың соқыр болса, көзіңді қыс.
37. Базарға бар да, бағаңды сына!
38. Күң кетерменмен қорқытады.
39. Балық көті жылмағай, ұстаса қолда
тұрмағай.
40. Өзен жағалағанның өзегі талмайды.
41. Тамыр тартқан тарықпас.
42. Елдің ағасы болғанша, судың сағасы бол.
43. Дарияның қасынан құдық қазып болмайды.
44. Ешкі егіз табады, ит сегіз табады.
45. Өсер бала – өңлес.
46. Бәлеліге бармағың тықпа, ішінде тырнағың
қалады.
47. Ілгері кеткеннің иті оттайды, кері кеткеннің
келіні ұрлық қылады.
48. Кезеген аяқ боқ басады, ойнақтаған от
басады!
49. Бәрі таздың салдары.
50. Несие жеме етті, сүйегі жыртар к…ті.
51. Ит қарғысы бөріге жетпейді.
52. Қанды қалпақ кисе де, қайыспайды туысқан,
Қырық жыл қырғын болса да, жұтамайды сауысқан.
53. Әлі келмеген – әлемші.
54. Бөрі тыңдағандай боп жүру керек.
55. Бөрі жеген бөксем бар, иттен несін аяйын.
56. Көсе қарығанын білмейді.
57. Керекке терек жығылыпты.
58. Көп ұнатқанды Құдай да ұнатады.
59. Бір тентек айдалаға от жағып, қай жағынан
шалқиды! – деген екен.
60. Мал егесіне тартпаса, майтабан болады.
61. Негізінде тоймаған, басқаның шөбін
қоймайды.
62. Сөзді сөйле ұққанға, жанды жанға сұққанға.
63. Той өткенше даңғыра.
64. Арманы – қатты, дерті – зор.
65. Аға қордан, іні зордан.
66. Ер жақсысы қос табар.
67. Екі адам ұрысса – дәлелетпін.
68. Дуананы ұрсаң мазарға қарай қашар.
69. Бұзаудың қашағандығы сабанханаға дейін.
70. Ағайын сөз жәрдемін береді, бөз жәрдемін
бермейді.
71. Кемеңгер кеңес таппай қалмайды, Кер
кеткен оның тілін алмайды.
72. Тисе беске, тимесе қайқы төске.
73. Зер қадірін зергер біледі, шіліңгір нені
біледі.
74. Арамы бала өлмейді, ол ауырмайды.
75. Кеңге кесел, тарға зауал.
76. Тентекке Тойтөбе де сөз бе екен?
77. Өлгендердің артынан біз де шейіт.
78. Көрге кірген тірі шықпас, үйге кірген құр
шықпас.
79. Жетімнің жеті қарны бар.
80. Бөлтекең табарын табар, елге барсам енесі
қабар.
81. Күшәлә жеген жерімде тырыстырады.
82. Бақа сисе, көлге сеп.
83. Үзгенің өтпейді, шымшығаның батады.
84. Өлмеген құл алтын аяқтан су ішер.
85. Танымаған періштеден танитын шайтан
артық.
86. Жазғы жуынды – қысқы қатық.
87. Жазда жайыл, қыста қысыл.
88. Пұшық мұрынға – зерек жақ.
89. Өле жаман болмасаң, өле жарлы бомайсың.
90. Шал құйрықтан үш жолға шейін дәмем бар.
91. Ит баласы тұра азар.
92. Ашыққан ұры болар, ашынған тілді болар.
93. Ашыққаннан құныққан жаман.
94. Кәрі жатса қунайды.
95. Түйе сатқанның түбі – біліс.
96. Өгей ана – бауырсақ, көрде жатып қол
бұлғар.
97. Мә, құдағи шараңыз, ашық болды арамыз.
98. Қарадан хан шықса, қасиеті болмайды,
көргенсізден би шықса, өсиеті болмайды.
99. Дерт – мейман.
100. Ат түгіл айғыр мінген қатын едім.
101. Тобышақ, тобышақтың үйірі – шақ.
102. Жақыныңа жара салма, алыстағыға күйе
жақпа.
103. Ар, намыс – ердің борышы.
104. Көрген көргенін, көсеу түрткенін қылады.
105. Палуанды нықтама, сыпайыны сықтама.
106. Сасыған етке борсығын май, апама жездем
сай.
107. Иттен туған құрбандыққа жарамайды.
108. Жаман жүрісінен құл болады, жақсы
жүрісінен пұл болады.
109. Тәуіп тәуіп емес, басынан кешкен – тәуіп.
110. Ит алған қуға не сын!
111. Балаң жақсы болса – көңіліңнің хошы,
жүрегіңнің тасы.
112. Ақыл – ойдан артық емес.
113. Ағам алғанша, жеңгем жегенше.
114. Күнде майлы төсек болғанша, бір күн
қанды төсек болайын.
115. Бөрі тыңдағандай боп жүрміз.
116. Айдың жартысы қараңғы, жартысы жарық.
117. Қалған көңіл – шыққан жанмен тең.
118. Біреуден жанбаған етек біреуден жанады.
119. Шала байығанмен қоңсы болма, жаңа
үйленгенмен жолдас болма.
120. Бөрі таппағанды кәрі табады.
121. Өзіме жеткілікті өз ақылым, Басымды кім
сыйласа – сол жақыным.
122. Кедейдің егізі екі болмайды, байдың
жалғызы екі болады, семізі жеті болады.
123. Екі дүние – бір қадам.
Бұл мәліметтер «Қазығұрт» ғылыми-зерттеу
орталығы қолжазбалар қорынан.
Ұлданай МЫРЗАХМЕТ,
М.Әуезов атындағы ОҚЗУ филология
факультеті, шеттілдер кафедрасының
оқытушысы.
Саттар ӨМІРЗАҚОВ.
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент, Халықаралық «Тұран»
академиясының академигі.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий