Президент: Ертеңнен бастап Қазақстан мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңіне қадам басады

18 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында ертеңнен бастап Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде басталатынын мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, бұл өзгерістерді кезекті әкімшілік реформа ретінде қабылдауға болмайды. Себебі еліміз үшін мақсаты мен мазмұны өзгеше, бұрын-соңды болмаған жаңа тарихи кезең басталмақ.

«Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің берік негізін сақтай отырып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру аса маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмысқа мемлекеттік қызметкерлермен қатар, академиялық орта, ғылыми және саяси зерттеу орталықтары, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдарда еңбек ететін мамандар да атсалысуы қажет.

Президент былтырғы Жолдауында Қазақстанды үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылғанын еске салып, елдің болашағы осы мақсаттың орындалуына тікелей байланысты екенін айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керектігін атап өтті.

Президент сөзін қорытындылай келе, халықтың әл-ауқатын арттыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мемлекеттің негізгі мақсаты екенін айтты. Осы міндеттерді орындау үшін барша қоғамның табанды әрі нәтижелі еңбек етуі қажет екенін жеткізіп, бүгінгі кезеңде бірлескен жұмысты қорытындылап, алдағы даму бағыттарын айқындаудың маңызын атап өтті.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий