25 тамыздан бастап көлік жүргізушілері үшін не өзгереді?

13 Views

«ЖОЛ ЗАҢЫ – ҚАТАЛ ЗАҢ»
ДЕЙДІ ХАЛЫҚ. БҰЛ СӨЗДІҢ
АСТАРЫНДА АДАМ ӨМІРІНІҢ
ҚАУІПСІЗДІГІ ЖАТЫР. ЖОЛ
ҚОЗҒАЛЫСЫНА ҚАТЫСАТЫН
ӘРБІР АЗАМАТ ЕРЕЖЕНІ
САҚТАП ҚАНА ҚОЙМАЙ, КӨЛІК
БАСҚАРУҒА ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ
ЖАРАМДЫ ЕКЕНІНЕ ДЕ
ЖАУАПТЫ. ОСЫ МАҚСАТТА
2026 ЖЫЛДЫҢ 25 ТАМЫЗЫНАН
БАСТАП ЕЛІМІЗДЕ «ЖОЛ ЖҮРІСІ
ТУРАЛЫ» ЗАҢҒА ЕНГІЗІЛГЕН
БІРҚАТАР ӨЗГЕРІСТЕР КҮШІНЕ
ЕНЕДІ.

Әлеуметтік желілерде «екі жыл
сайын медициналық тексеруден өтпегендердің
бәрі жүргізуші куәлігінен
айырылады» деген ақпарат кең тарағанымен,
шын мәнінде жаңа талаптың
аясы әлдеқайда нақты.
Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше,
екі жыл сайын міндетті медициналық
тексеруден өту талабы барлық
жүргізушілерге емес, тек 65 жастан
асқан азаматтар мен мүгедектігі бар
жүргізушілерге қатысты енгізіліп отыр.
Медициналық тексеруден өткені туралы
мәлімет Денсаулық сақтау және Ішкі
істер министрліктерінің ақпараттық
жүйелері
арасында автоматты түрде
алмасады. Егер жүйеде жүргізушінің
медициналық тексеруден өткені немесе
көлік басқаруға қарсы көрсетілімдерінің
жоқтығы туралы мәлімет болмаса,
оның көлік құралын басқару құқығы
уақытша тоқтатылады. Медициналық
қорытынды расталғаннан кейін бұл
құқық қайта қалпына келтіріледі.
Жаңа өзгерістердің мақсаты –
азаматтарды жазалау емес, жолдағы
қауіпсіздікті күшейту. Себебі денсаулық
жағдайының нашарлауы кейде
жүргізушінің өзін ғана емес, жолдағы
өзге адамдардың өмірін де қауіпке тігуі
мүмкін.
Сонымен қатар заңдағы түзетулер
жол қозғалысы ережесін өрескел
бұзатын жүргізушілерге де қатысты.
Белгілі бір жағдайларда олар жол
қозғалысы қағидалары бойынша
теориялық емтиханды қайта тапсыруға
міндеттелуі мүмкін. Егер жүргізуші
дәлелді себепсіз екі ай ішінде емтиханға
келмесе, оның көлік басқару құқығы
тоқтатылады.
Заңдағы тағы бір маңызды жаңалық
– мас күйінде көлік басқарғандарға
жауапкершіліктің күшеюі. Енді мұндай
құқық бұзушылық бойынша қылмыстық
іс жәбірленушімен татуласуына байланысты
тоқтатылғанның өзінде,
құқық
бұзушы сегіз жылға көлік құралын
басқару құқығынан айырылады.
Ал
жүргізуші куәлігі жоқ азаматтар осы
мерзім ішінде оны ала алмайды.
Қоғам белсендісі Исламбек Дастан:
«Жаңа өзгерістердің негізгі мақсаты
– жүргізушілерді жазалау емес, жол-
көлік оқиғаларының алдын алу деп
түсінемін. Әсіресе денсаулық жағдайы
көлік жүргізуге әсер етуі мүмкін азаматтардың
уақтылы медициналық бақылаудан
өтуі – өздерінің де, өзгенің де
қауіпсіздігі үшін маңызды. Сондықтан
тұрғындардың әлеуметтік желідегі
алыпқашпа ақпаратқа емес, ресми
түсіндірмелерге сүйенгені дұрыс деп
санаймын», – дейді.
Ал дәрігерлер де мерзімді медициналық
бақылаудың маңызын жоққа
шығармайды.
Қалалық көпбейінді ауруханасы
бас дәрігерінің орынбасары Ғабиден
Рахымжан: «Жасы ұлғайған сайын
адамның көру қабілеті, есту деңгейі,
жүрек-қан тамырлары жүйесі өзгеруі мүмкін. Мұндай жағдайлар көлік
жүргізу кезінде қауіп төндіруі ықтимал.
Сондықтан үнемі медициналық тексеруден
өту – денсаулықты бақылаудың
және жол қауіпсіздігін қамтамасыз
етудің тиімді тетігі», – деп атап көрсетті.
Әлеуметтік желілерде тараған
ақпараттың тағы бір қате тұсы –
«жүргізуші куәлігінен автоматты
түрде айырылады» деген пікір. Заң
тұрғысынан алғанда бұл жағдайда
барлық азаматтың куәлігі бірден
жарамсыз болмайды. Талап тек заңда
көрсетілген санаттарға қатысты
қолданылады және медициналық
тексеруден өткені расталған соң
көлік басқару құқығы қайта қалпына
келтіріледі.
Мамандардың айтуынша, енгізіліп
отырған өзгерістер халықаралық
тәжірибеге де сәйкес келеді. Көптеген
елдерде егде жастағы жүргізушілердің
денсаулығын мерзімді тексеру жол
қозғалысы қауіпсіздігін арттырудың
тиімді тәсілдерінің бірі ретінде
қолданылады.
Жол – бәрімізге ортақ. Сондықтан
қауіпсіздік те ортақ жауапкершілік
болуы тиіс. 25 тамыздан бастап күшіне
енетін өзгерістердің басты мақсаты –
жүргізушілердің құқығын шектеу емес,
адам өмірін қорғау. Ең маңыздысы
– әрбір жүргізуші жаңа талаптардың
кімдерге қатысты екенін нақты біліп,
ресми ақпаратқа сүйенгені жөн. Заңды
сақтау – жауапкершілік қана емес, өз
өмірің мен өзгенің тағдырына деген
құрмет.
Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий