Жаңа Конституция – Қазақстанның жаңа даму кезеңінің негізі

33 Views

Жаңа Конституция Қазақстанның саяси-
құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындап
отыр. Оның негізгі өзегінде адам, оның өмірі,
қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары
ең жоғары құндылық ретінде белгіленген. Бұл –
мемлекеттің басты міндеті азаматтың құқықтарын
қорғау және қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз
ету екенін көрсетеді.
Жаңа Ата заңда Конституцияның ең жоғары
заңдық күші және оның Қазақстан Республикасының
бүкіл аумағында тікелей қолданылатыны
нақты бекітілген. Барлық заңдар мен өзге де
нормативтік құқықтық актілер Конституцияға
сәйкес қабылдануға тиіс. Бұл талап құқықтық
тәртіпті нығайтып, мемлекеттік органдардың
жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Конституцияда адам құқықтарын қорғауға
ерекше мән берілген. Атап айтқанда, адамның
бостандығы нақты шектелген сәттен бастап оның
қорғаушының көмегін алу құқығы, негізсіз ұстауға
жол бермеу, сот бақылауы, үнсіздік сақтау және
өзіне әрі жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу
құқықтары бекітілді. Сонымен бірге кінәсіздік
презумпциясы сақталды. Мұндай конституциялық
кепілдіктер азаматтардың құқықтық қорғалу
деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа Конституция сот төрелігі мен заң
үстемдігінің маңызын да күшейтеді. Сот билігінің
негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен
заңды мүдделерін қорғау және әділ шешім шығару.
Әділ сот жүйесі мемлекеттің құқықтық сипатын
айқындайтын маңызды институттардың бірі болып
табылады.
Конституциялық бақылау саласында да маңызды
рөл сақталады. Конституциялық Сот жаңа
Конституцияның үстемдігін, оның ең жоғары
заңдық күшін және конституциялық нормалардың
біркелкі түсіндірілуін қамтамасыз етеді. Бұл
азаматтардың
конституциялық құқықтары мен
бостандықтарын қорғаудың маңызды тетігі болып
саналады.
Жаңа Конституция тек құқықтық нормалармен
шектелмейді. Онда адам капиталын дамыту, білім,
ғылым және инновация мемлекеттің ұзақ мерзімді
дамуының стратегиялық бағыттары ретінде алғаш
рет конституциялық деңгейде айқындалды.

Сонымен қатар қоғамдық диалог, ұлттық бірлік, еңбекқорлық, прогресс, экологиялық мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау сияқты құндылықтарға ерекше мән берілген.
Азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау мәселесі де заман талабына сай конституциялық деңгейге көтерілді. Дербес деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздікке қатысты кепілдіктердің бекітілуі ақпараттық технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі қоғам үшін аса маңызды.
Жаңа Конституцияның қабылдануы – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың өміріне қатысты маңызды өзгеріс. Алайда Конституцияда бекітілген құқықтар мен қағидалардың шынайы нәтижесі олардың күнделікті өмірде орындалуына байланысты. Заңды құрметтеу, өз құқықтарын білу және өзгенің құқықтарына құрметпен қарау – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізгі шарттары.
Жаңа Ата Заң – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың да құқықтық негізі. Сондықтан Конституцияны құрметтеу – әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі.
Р.СУЛЕЙМАНОВА,
аудандық соттың бас маманы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий