МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҚОҒАМНЫҢ ОТБАСЫҒА ЖАУАПКЕРШІЛІГІ – БЕРЕКЕЛІ БОЛАШАҚТЫҢ БАСТЫ КЕПІЛІ
Отбасы – қоғамның негізі, мемлекеттің берік тірегі.
Ұлттың тәрбиесі мен болашағы ең алдымен отбасынан
бастау алады. Сондықтан отбасы институтын нығайту –
мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Мемлекет азаматтардың
әл-ауқатын арттыруға, аналар мен балаларды әлеуметтік
қорғауға, жастардың отбасы құндылықтарын берік ұстануына
бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүйелі түрде
жүзеге асырып келеді.
Қазіргі таңда отбасы мәселесіне тек мемлекеттік органдар
ғана емес, бүкіл қоғам болып көңіл бөлу маңызды. Себебі
берекелі отбасы – тұрақты қоғамның, ал тұрақты қоғам – қуатты
мемлекеттің кепілі. Әрбір азамат отбасы құндылықтарын
дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарағанда ғана
қоғамның дамуы жаңа деңгейге көтеріледі.
Осы бағытта еліміздің әр өңірінде Отбасын қолдау
орталықтары нәтижелі жұмыс атқаруда. Бұл орталықтардың
басты мақсаты – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға
жан-жақты қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың
алдын алу, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жастар
мен жалғызбасты ата-аналарға құқықтық, психологиялық және
әлеуметтік көмек беру.
Аудандық Отбасын қолдау орталығы да тұрғындардың
тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жұмыстарды
жүзеге асырып келеді. Орталық мамандары тұрғындарға
мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде кеңес беріп, әлеуметтік
мәселелерді шешуге жәрдемдеседі. Сонымен қатар психологиялық көмек көрсетіп, отбасы мүшелері арасындағы өзара түсіністік пен татулықты нығайтуға арналған кездесулер,
семинарлар, тренингтер ұйымдастырады. Жастарға отбасылық
өмірге дайындық, бала тәрбиесі, құқықтық сауаттылық бағытында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
Отбасын қолдау орталығы мемлекеттік мекемелермен,
білім беру ұйымдарымен, денсаулық сақтау саласы және
құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп, әлеуметтік
тәуекелдің алдын алуға ерекше көңіл бөледі. Мұндай
кешенді жұмыстар қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға, тұрмыстық қиындықтардың алдын алуға және әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.
Мықты отбасы – мықты мемлекет қалыптастырудың
негізі. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау
мен қоғамның жанашырлығы қатар жүргенде ғана ұлттың рухани құндылықтары сақталып, өсіп келе жатқан ұрпақтың жарқын болашағы қамтамасыз етіледі. Отбасына
қамқорлық жасау – әрбір азаматтың, әрбір мекеменің және
тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Райхан НАБИКУЛОВА,
«Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің жұмыспен
қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің
«Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің Отбасын қолдау
орталығы»коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
әлеуметтік қызметкері.

