Жаны ізгілікке толы абыройлы адам

27 Views

Көршіге қолқа салу – қазақы тіршіліктің қалыпты көрінісі. Алайда
әркімнің өз шаруасы, өз қарбаласы бар.
Бір күні түс мезгілінде темір кесетін
құрал қажет болып, ауданымызға есімі
белгілі азамат, кәсіпкер, жаны жомарт
адам, облыстық мәслихат депутаты
Арылбек Қораласбаевтың үйіне бардым.
Барсам, Арекең техникаға қажетті
құрал-жабдық алу үшін Тараз қаласына
кетіпті.
Аулада бірінен соң бірі келіп жатқан
комбайндарды көріп, егін даласының
нағыз қызған шағына тап болғанымды
аңғардым. Сол жерде еңбек етіп жүрген
Умнихиндер әулетінен Вовка, Женя,
Толик және «КамАЗ» жүргізушісі Сәкен
Қайсарұлымен амандасып, әңгімелесіп
қалдым. Олар биылғы орақ науқанын
ойдағыдай аяқтағандарын қуанышпен
жеткізді.
Әдеттегідей «Егінді жақсы жинап
алдыңдар ма, қиындық болған жоқ па?»
– деп сұрадым. Сонда олар: «Жылдағы
жұмыс қой. Ең бастысы – «Өрт – тілсіз
жау» дегендей, содан аман-есен өттік.
Соған шүкіршілік етеміз», – деді.
Ауылдың орыс жігіттерінің қазақша
еркін сөйлегеніне іштей сүйсіндім.
Әңгіме барысында олар талай
қауіпті сәттердің куәсі болғандарын
айтты. Автокөліктің глушителі қызып, оған қонған құрғақ шөптің өздігінен тұтанып кететін кездері жиі кездеседі екен. Сондай сәттерде «К-700» тракторымен жалынның ортасына
батыл кіріп, соқамен өрттің жолын
кесіп, қызыл жалынды тоқтатқан күндерін еске алды. Кейде аудандық өрт
сөндірушілер келгенше тілсіз жаумен
өздері арпалысқан. Осындай ауыр
кезеңдерде Арекеңнің де күні-түні
далада жүріп, ұйымдастыру жұмыстарынан бір сәт қол үзбегенін ерекше
атап өтті. Шынында да, дастарқанға
келетін бидай мен арпаның әр дәні
осындай маңдай тер мен жанкешті
еңбектің өтеуі екені анық.
Биыл ауа-райы да диқан қауымын
біраз әбігерге салды. Бірде аптап ыстық,
бірде нөсер жауын кедергі келтірсе де,
еңбек адамдары мойыған жоқ. Соның
нәтижесінде екі мың гектарға жуық егін
ысырапсыз жиналып алынды.
– Енді демалатын шығарсыздар? –
деген сұрағыма олар күліп: «Демалысқа
әлі ерте. Алда шөп пен сабан жинау,
күздік бидай себу секілді жұмыстар
күтіп тұр», – деп жауап берді.
Расымен де адал еңбек ешқашан
тоқтамайды. Еңбекке адал жанның
несібесі де мол, еңбегінің жемісі де тәтті.
Егін алқабындағы бұл үнсіз майданның
жеңімпаздары – маңдай терімен ел
ырысын еселеп жүрген қарапайым еңбек
адамдары екенін айтқым келеді.
Б.ТОТАЕВ,
Малдыбай орта мектебінің  директоры.
СУРЕТТЕ:кәсіпкер, жаны ізгі-лікке толы азамат, облыстық мәслихат депутаты Арылбек Қораласбаев.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий