ҚҰРЫЛТАЙ ӘЖЕ ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНДА ДАУЫС БЕРДІДАУЫС БЕРДІ

7 Views

Елімізде Құрылтай есімді он адам бар. Оның алтауы ер адам болса, төртеуі – әйел. Олар Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы, Маңғыстау, Қарағанды және Жамбыл облыстарында тұрады. Солардың бірі – Құрылтай Амантаева. Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Рақым Сәбденов ауылының тұрғыны Құрылтай әже де сайлау күні азаматтық міндетін орындап, Құрылтай депутаттары сайлауында белсенділік танытты.
1955 жылы аталмыш ауылда дүниеге келген Құрылтай әже уақыт өте келе есепші мамандығын меңгеріп, еңбек жолының көп бөлігін «Асыл тұқымды қой зауыты» совхозында есепші болып қызмет атқаруға арнады. Еңбекпен есейіп, елмен етене араласқан жанның есімін үлкен атасы «көпшіл болсын» деген ақ ниетпен қойған екен. Бүгінде бұл тілек оның өмір жолынан көрініс тапқандай. Ағайынға сыйлы, отбасының ұйытқысы болған Құрылтай апа жолдасы Қалибай екеуі бес бала тәрбиелеп, бүгінде олардан тараған 20 немеренің сүйікті ата-әжесі атанып отыр.
Қалибай аға екеуінің отбасын құрғанына да биыл 50 жыл толып отыр. Жарты ғасырлық ғұмырын бірге өткерген ерлі-зайыптылар бүгінде ұл-қыздарының қызығын көріп, ұрпағының ортасында өнегелі өмір сүріп келеді.
Бүгінде зейнеткерлік демалыста отырған Құрылтай әже ел өміріндегі маңызды науқандардан ешқашанда шет қалмаған. «Әр азаматтың дауысы маңызды» деген өмірлік ұстанымды ұстанған аяулы ана ел болашағына қатысты таңдау жасау – кез келген қоғам мүшесінің азаматтық міндеті деп есептейді.
Ауылдың ардақты анасының осы күнгі белсенділігі – жасы мен жағдайына қарамастан, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның жарқын үлгісі.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий