Апат жағдайына қаншалықты дайынсыз?

640 Views

 Апат жағдайына қаншалықты дайынсыз?

 Жуырда «Сұлутөр» кинотеатрында жиын өтті. Шара барысында Жамбыл облысы Төтенше жағдай департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Данияр Жанатұлы Келіс аудан тұрғындарына су тасқыны, жер сілкінісі кезінде жасалатын қимыл іс-әрекеттерді егжей-тегжей түсіндірді. Басқарма қызметкерінің айтуы бойынша табиғи апат орын алған жағдайда ең бірінші сабырлық сақтау керек екен. «Жер сілкінісі болған жағдайда көп қабатты үйде болсаңыз, далаға жүгіріп шығу өте қауіпті. Одан да үйіңіздегі қауіпсіз аймақтарға жасырынғаныңыз тиімді болмақ. Сол үшін де қауіпті және қауіпсіз орындарды, шығу жолдарын, керек заттардың тұрған жерлерін отбасы мүшелеріне алдын ала көрсетіп қойғаныңыз абзал. Сонымен қатар отбасы мүшелеріне керекті заттарды бір жерге жиыстырып, арнайы сөмкеге сақтап қойғандарыңыз дұрыс. Оның ішінде маңызды құжаттардың көшірмесі, қолшам

 мен оның қосалқы батареялары, радиоқабылдағыш, алғашқы жәрдем қобдишасы мен дәрі-дәрмектер, артық шұлықтар мен жылы киімдер, жамылғы көрпелер мен 1-3 күнге жететін ауыз су мен бұзылмайтын тағамдар болуы тиіс» -деп өзге де керекті кеңестерге тоқталды.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап қайтарылды. Сонымен қатар қиындығы мол жұмыс түріне мамандар жетіспейтіндігін де алға тартып, биылғы мектеп бітіруші түлектерді құтқарушылар қатарына қосылуға шақырды. Еліміз бойынша осы мамандық түріне даярлайтын жалғыз ғана оқу орны бар екен. Ол -Көкшетау Техникалық Институты. Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға лейтенанты Р.Дадан мен аталмыш жоғары оқу орнының 4 курс курсанты Р.Ержетов жиылған жұртқа білім ордасы жайында мәліметтер айтып, сауалдарға жауап берді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

 

Поделиться ссылкой: