Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
2013 жылдың 9 сәуірі күні аудандық полицияның кезекші бөліміне жеке кәсіпкер Любовь Трофимиова есімді азаматшадан «Алматы-Ташкент» тас жолында орналасқан бал сататын дүңгіршегіне белгісіз біреулердің қорқытып, таспен атқылап жатқандығы туралы хабарлама түседі. Хабарлама бойынша аудандық полицияның жедел тергеу тобының құрамы оқиға орнына барып, үш қылмыскердің ізіне түседі. Қулығына құрық бойламайтын әккі ұрылар екіге бөлініп қашады. Дегенмен АПБ-нің жедел тергеу тобы қылмыскерлерді уысына түсіреді. Бір өкініштісі, қылмыскерлерді ұстау барысында ауданның криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция аға-лейтенанты Ерасыл Тілеміс ауыр дене жарақатын алады. Осы оқиға жайында Ерасылдың өзімен де тілдестік. Сонда ол:
– Мен антыма берік жанмын. Тәлімгерлерімнің берген тәрбиесі болар, алған жарақатыма қарамастан, екі қылмыскерді жібермей ұстап қалуды көздедім. Содан кейін ғана оларды әріптестерімнің қолына табыстап, өзім ауыр халде ауруханаға түстім. Алайда, бұл әрекетімді ерлік деп санамаймын. Менің орнымда болса, әрбір полиция қызметкерлері өздерінің міндеттерін осылай атқарар еді. Менің айтарым әрбір қызметкер қандай жағдайда болмасын, өзінің қараша халық алдындағы жауапкершілігін ешқашан ұмытпау керек, -дейді Ерасыл Тілеміс.
1989 жылы Абай ауылында туған Ерасыл Тілемістің аудандық полиция бөлімінде қызмет етіп жүргеніне биыл – 6 жыл болды. Бүгінгі таңда Ерекеңнің қызметімен бірге шені де жоғарылаған. Қазір ол АПБ-нің кезекші аға инспекторы, полиция капитаны. «Ерлігі үшін» және «ҚР полициясына – 20 жыл» атты медальдардың иегері. Осынау жылдар ішінде кейіпкеріміз көптеген жайттарды бастан өткерген. Дегенмен, Ерасыл өміріне қауіп төнген сәттерде өз сертінен тайсалған жоқ. Қазақтың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлының «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет, Елге тер төгіп, жерге қан төгіп қызмет ет» деген тағылымды сөзін әрқашан жадында сақтайды. «Өмірлік ұстанымыңыз қандай?» деп сұрағанымызда ол бізге батыр Баукеңнің өнегелі өсиетін айтып берді.
Марат ДИХАНБАЙ.