Тұрақтылықты сақтау аса маңызды

619 Views

Өткен аптаның жұмасында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында об­лыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сем­бек Сейдәзімовтың қатысуымен жиын өтті. Аталмыш жиынға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, мәслихат хат­шысы Тұрсынхан Жаманбаев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов, аудандық ардагерлер ұйы­мының төрағасы Қожайхан Бижанов қа­тысты. Сонымен қатар, жиынға аудан әкі­мінің орынбасарлары, прокуратура және полиция бөлімінің басшылары да қатысып, олар облыстық Қоғамдық ке­ңестің төрағасына ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.

Жиында бірнеше өзекті мәселелер қарал­ды. Солардың бірі – аудан ау­ма­­ғында коронавирус індеті та­рал­­мауының алдын алу бағытында жа­салып жатқан жұмыстарды күшейту. Бұл бағыт бойынша ауданда бір­қатар жұмыстар қолға алынып, іске асырылуда. Мәселен, аудандағы дәрі­ханаларда антисептикалық құ­рал­дардың болуын қамтамасыз ету бо­йынша күнделікті мониторинг жүр­гізілуде. Жеке кәсіпкерлердің көме­гі­мен көп реттік бетперделер тігіліп, даяр­лану үстінде. Сонымен қатар, аудан аумағындағы барлық халық көп баратын қоғамдық орындар мен нысандарды дезинфекциялау жұ­мыс­тары басталған. Бүгінде осыған жа­уап­ты мамандар Луговой теміржол вокзалын, Халыққа қызмет көрсету ор­та­лығын, аудандық орталық ауру­ханасын, пошта, банк және өзге де ғима­раттардың аумағына күнделікті дезин­фекциялау шараларын жүргізуде. Ауданда мейрамхана-тойханалардың жұмыс істеуіне де шектеу қойылған. Нақты атап өтер болсақ, аудандағы 12 тойхана мен сауда үйлеріне, дүкендер және тамақтану орындарының иеле­рі­не қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау туралы ескерту жұмыстары жүргізіліп ке­леді. Одан бөлек оларға әлеуметтік бағыт­тағы тауарлардың бағасын негіз­сіз көтермеу туралы түсіндіріліп, жұ­мыс істеу уақытын шектеу мәселесі ескер­тілген.
Ескерту жұмыстары аудан аума­ғында орналасқан мешіт имамдарына да жүргізілді. Дәлірек айтар болсақ, төтенше жағдай кезінде жаназа рәсімі барысында адам санын шектеу және тамақ асып, қонақ асын, құдайы асын беру мәселелерін уақытша тоқтату, жаназа рәсімінде маскалық режимді қатаң сақтау керектігі тапсырылған. Одан бөлек жұма намаздарын міндетті түрде үйде оқу керектігі түсіндірілген.
Ауданда атқарылған жұмыстармен танысқан облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов аймақ бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып кетті. «Қа­зіргі таңда бәріміз бір арнаға тоғысып, қауіпті індетті бірге жеңуіміз қажет. Ол үшін мамандар кеңесін талапқа сай орындағынымыз абзал. Сонымен қатар, бұл қауіпті індетті жеңудің бірден бір жолы – оқшаулану. Яғни, кө­шеге, қоғамдық жерлерге, сауда ор­талықтарына себепсіз барудың қа­­жеті жоқ. Өйткені, төтенше жағ­­дай кезінде тұрақтылық пен тыныш­тықты сақтау аса маңыз­ды. Осы ба­ғыт­тағы түсіндіру жұмыс­та­рын аға буын өске­лең ұрпаққа ұдайы түсін­діріп отыруы қажет. Біз­дің де ауданға келгеніміздің бас­ты себебі — осы» — деп, аудан де­пу­тат­тарын, қоғамдық кеңес пен ар­да­герлер ұйы­мының мүшелерін бір­лесе жұ­мыс істеу­ге шақырды.
Жиын барысында облыстық Қо­ғамдық кеңестің төрағасы ұсынған ұтым­ды ұсынысты көпшілік қолдайтынын жеткізді. Әсіресе, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов қоғамдық орындарда полиция қыз­меткерлері көптеп жүру керектігін айт­ты. Осылайша аудан аумағында тұр­ғындар мен көліктердің қозғалысын азай­туға болатынын атап өтті.
Жиында өзге де мәселелер қаралып, ұтымды ұсыныстар, орамды ойлар ортаға салынды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: