Санитарлық ережелерді сақтаудың маңызы зор

828 Views

6«COVID-19» инфекциясы белең алмасын десек…

Сенбі күні аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаев бастаған мобильдік топ ауданда сауда-саттықпен айналысатын бірнеше нысандарды аралап көрді. Тексеру барысында төтенше жағдай режимін өрескел бұзған кәсіпкерлер де кездесті. Оларға мобильдік топ мүшелері санитарлық-тазалық талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, ескерту берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантинге қатысты мәлімдемесінде елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғанын айтқан болатын. «Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады», – деп індет өршіп отырған аймақ басшыларына тапсырма берген болатын. Карантиндік режим толығымен алынбаған өңірлердің қатарында біздің облыс та бар. Аймақ аумағында төтенше жағдай аяқталса да бұрыңғыдай бұқаралық және отбасылық шараларға қатаң тыйым салынған. Сондай-ақ, жаңа қаулы бойынша сауда, ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, көрмелер, көпшілік жиналатын басқа да нысандар әлі де болса жабық тұр. Одан бөлек халыққа қызмет көрсететін орталықтар мен мешіттердің есігі әзірге ашылмай тұр. Дегенмен, халық көп тұтынатын тауарлар сататын кәсіпкерлерге саудамен айналысуға рұқсат қағаздары берілген болатын. Оның ішінде ең бастысы азық-түлік және киім-кешек саудалайтын кәсіпкерлік нысандар. Сондай-ақ, аудандық штабтың шешімімен мобильді құрылғылар мен құрылыс заттарын саудалайтын дүкендерге де рұқсат берілген. Бірақ, аталмыш сауда орындарында санитарлық-тазалық талаптары қатаң сақталуы керек еді. Алайда мобильдік топ мүшелерінің қатысуымен жүргізген рейд барысында сол талаптарды сақтамаған кәсіпкерлер де кездесті.
Мобильді топ мүшелері рейд бойынша алғашқы тексеруді Құлан ауылынан бастады. Топ мүшелері ең алдымен телефон құрылғыларын саудалайтын нысанға бас сұғып, дүкен сатушыларына ескерту берді. Дәлірек айтар болсақ топ мүшелері сатушыларға сауда нүктесінің ішіне тұтынушыларды бетпердесіз кіргізбеу керектігін қатаң ескертті.
Бетпердесіз жүрген тұтынушыларды ішке кіргізген нысандардың қатарында киім-кешек дүкендері де бар. Ондағы қызметкерлер сатып алушыларды бетпердесіз және адам санына шектеу қоймай, өзі де тар дүкеннің ішіне кезексіз кіргізіп жіберген. Сондай-ақ аталмыш талаптарды сақтамаған дүкендердің қатарында азық-түлік, аяқ киім саудалайтын бірқатар нысандар да бар екені белгілі болды. Олардың бәріне аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаев қатаң түрде ескерту жасады. Сонымен қатар, дүкенде қол жуатын орын мен антисептикалық заттар болуы керектігі, тәулігіне 4-5 рет дезинфекциялық жұмыстар жүргізу қажеттігі сауда жасап тұрғандарға қатаң ескертілді.
Одан бөлек мобильдік топ мүшелері азық-түлік бағаларына талдау жүргізді. Әсіресе, халық көп тұтынатын тауарларды бақылауға алып, тексеру кезінде ұнның, картоптың, қанттың және макарон өнімдері бағасының тұрақсыз екендігін анықтады. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаев жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар беріп, карантин кезінде атқарылған жұмыстарды қайта жандандыру керектігін алға тартты. Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай режимі кезінде аудан әкімдігі бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарған болатын. Дәлірек айтқанда, әкімдік қызметкерлері шалғай өңірлердегі шаруаларымен тікелей келіссөздер жүргізіп, бірқатар азық-түліктерді төмен бағамен саудалауға мүмкіндік туғызған еді. Ерлан Бақытжанұлы да дәл осындай жұмыстарды қайта қолға алып, дереу жүргізу керектігін ұсынды.
Орталық базардағы азық-түлік бағаларына талдау жүргізген мобильдік топ мүшелері түс ауа Луговой ауылына барып, бірқатар азық-түлік дүкендерін аралады. Дүкен иелерімен тілдесе келе, оларға санитарлық талаптарды қатаң ұстану және бағаны негізсіз көтермеу керектігі ескертілді. P.S: Иә, мобильдік топ мүшелері рейд жүргізу барысында бірқатар санитарлық талаптардың, төтенше жағдайға байланысты ережелердің орындалмай отырғанына анық көз жеткізді. Мұндай олқылықтар тауар ұсынушы және тұтынушы тарапынан да жіберіліп отыр. Аудандық орталық аурухананың және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бізге ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін ауданымызда қауіпті індетті жұқтырған алты адам анықталып отыр. Оның бесеуі Құлан ауылынан. «COVID-19» инфекциясы жоспарлы медициналық тексеру жүргізу барысында анықталған. Ал, бір азамат Қонаев ауылына Ресейден келген жүргізуші азаматтан шығып отыр. Көріп отырғандарыңыздай жағдай күн өткен сайын өршіп келеді. Сондықтан әрқайсымыз жауапкершілікті сезініп, карантин Ережесінің талаптарын қатаң сақтап, бетперде, қолғап киіп, антисептикалық құралдарды қолдануды ұмытпайық!

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: